Шемонаиха ауданында су тасқынына қалай дайындалуда?
Верх-Уба, Выдриха және Убинка ауылдары, Шемонаиха қаласы, Усть-Таловка кентін су басу қаупі жоғары
Көктемгі кезеңде өзендер арнасынан асып, су тасқыны болып, елді мекендерді су басу қаупі бар аудандардың бірі - Шемонаиха, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ТЖД ақпаратына сүйеніп.
Соңғы бес жылдың талдауына сүйенсек, ауданда топырақтың қатуының орташа тереңдігі 58,2 см құрайды, қар жамылғысы 30 см-ге дейін жетеді. Ауа температурасының күрт көтерілсе, еріген қар суы 916 адам тұратын Верх-Уба, Выдриха және Убинка ауылдары, Шемонаиха қаласы, Усть-Таловка кентін су басуы мүмкін.
Су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық шеңберінде аудан әкімінің өкімімен көктемгі кезеңге арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді: оған сәйкес қорғаныс бөгеттерінің жай-күйі тексеріледі, су өткізу каналдары мен арықтары тазартылады, өзен арналары тереңдетіледі.
Су тасқыны жағдайы шиеленіскен жағдайда жалпы саны 123 адам, 35 бірлік техника, 16 мотопомпа дайын. Қазіргі кезде ауданда су деңгейіне мониторинг және кезекшілік ұйымдастырылып, жедел жағдай туралы ақпарат алу және беру схемалары әзірленіп, авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін 13,0 тонна жанар-жағармай қоры жасалды, көлік, азық-түлік жеткізу, тамақтануды ұйымдастыру жөнінде шарттар жасалды, 400 тонна инертті материал, 3000 дана қаптар дайындалды. Өзендерде мұзды ұсақтау қызметтерін көрсету жөнінде келісімшарттар жасалды. Шұғыл жағдайға 700-ге дейін адам сыятын 10 қабылдау пункті дайындалды. Асхана, медпункт, телефон байланысы және басқа да қажетті заттары бар."Су тасқынына қарсы айлық" аясында құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар қарт азаматтарға үй маңындағы аумақтағы қарды тазалау бойынша көмек көрсетуде. Су басу қаупі төнген тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деді Шемонаиха ауданы ТЖБ бастығы Арман Наурызбаев.
Құтқарушылар тұрғындарға су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындалу керектігін ескертеді. Қарды уақтылы шығарып, үй маңындағы арықтарды тазалап, жертөлелерден азық-түлікті шығаруға кеңес береді.