Семей орманында -55°С дейін аяз болған
Семей орманында соңғы 20 жылдағы ең төмен температура тіркелді
Батпай орман шаруашылығында термометр көрсеткіштері 55 градус суықты көрсеткен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Семей орманы" МОТР ақпаратына сүйеніп.
20-сынан 21-іне қараған түні Батпай орман шаруашылығында (Бородулиха ауданындағы Дүйсекен бекеті маңында) сынап бағанасы -55°С дейін төмендеген.
Ал Тау-дала филиалының Үлкен Бөкен орман шаруашылығында (Көкпекті ауданында) -53°С дейін аязды көрсеткен.
- Резерваттың барлық аумағында бұл тәуліктегі минималды температура -31°С градустан (Ертіс өзеніне жақын) -50°С градус (орман) аралығында, - дейді "Семей орманы" МОТР ғылым, экоағарту және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері Айнұр Баймадиева. – Бұндай төменгі температура резерват құрылғалы (2003 жыл) тіркелмеген. Бұған дейін 2018 жылдың 26 қаңтарында ең төменгі температура кей жерлерде -50°С дейін тіркелген.