Ұлттық ұландықтар Қаңтар оқиғасында қаза болған сарбаздарды еске алды
Қанды қаңтар оқиғасында Ұлттық ұланның қос бірдей сарбазы Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов қаза тапқан болатын
Бүгін Семейдегі №5511 әскери бөлімінің жеке құрамы сарбаздардың рухына тағзым етті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Екі жыл бұрын ел есінде өшпес тарих болып қалған қанды оқиғада жауынгерлік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Ұлттық ұлан сарбаздарын мемлекет басшысы III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатаған болатын.
Небары 19 жасар Мадияр Қайсаров ол уақытта Қызылорда қаласындағы №5547 әскери бөлімінде әскери міндетін атқарып жүрген болатын. Ол өз әріптестерінің қауіпсіздігін өз жанынан биік қойып, трагедиялық жағдайда көз жұмды. Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп жүрген Айбат Аманов та есі кеткен тобырмен ақтық демі шыққанша күресіп, өзінің нағыз ержүрек азамат екендігін дәлелдеп, жан тапсырды.
Ұлттық Ұлан сарбаздарына тірісінде ерлігімен қаза болған қос батырды қысылтаяң шақта Отанға қызмет етудің үлгісі ретінде дәріптеу – борыш.