Семейдегі машина жасау зауыты жұмысшыларына жалақы бермеген
Осыған орай Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев шұғыл кеңес өткізді
Ал жұмысшылардың арызына байланысты еңбек инспекциясы зауыт жұмысына қатысты тергеу жүргізбек, деп хабарлайды Устинка LIVE Абай облысы әкімдігі ақпаратына сүйеніп.
Әлеуметтік желіде "СМЗ" АҚ зауыты қызметкерлеріне жалақының кешіктірілуіне қатысты бейнеролик тарады. Абай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаев аталған мәселе бойынша шұғыл кеңес өткізіп, зауыт басшылығына нақты тапсырмалар берді.
Жұмыс кеңесі барысында Нұрлан Ұранхаев кәсіпорын қызметкерлерінің, оның ішінде бұрын еңбек шарттары бұзылған қызметкерлерге де берешекті өтеуді жеделдетуді тапсырды. Өңір басшысының тапсырмасы аясында "Oljakol" компаниясы кәсіпорын қызметкерлерінің өкілдерімен бірлесіп жалақы бойынша берешекті кезең-кезеңімен өтеу кестесін жасауы тиіс, - делінген хабарламада.
Осы мәселе бойынша 12 шілдеде қайта жұмыс кеңесі өтеді. Онда аймақ басшысы берген тапсырмалардың орындалуы қаралады және қолданыстағы заңнама шеңберінде тиісті шаралар қабылданатын болады.
Сондай-ақ, жұмысшылардың арызына сәйкес еңбек инспекциясы "Семей машина жасау зауыты" АҚ-ға қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындады. Айта кету керек, "СМЗ" АҚ қазіргі уақытта бекітілген жоспарға (2022-2026 жж.) сәйкес оңалту рәсімінен өтуде.
Биыл 31 наурызында қиын жағдайға тап болған "Семей машина жасау зауыты" АҚ кредиторлар комитетімен "Oljakol" ЖШС зауыттың жаңа инвесторы ретінде таңдалды. Бүгінде серіктестік жұмысшылар алдындағы "жалақы" берешегін өтеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда, - деп еске салды әкімдіктегілер. - Айта кетсек, "Oljakol" ЖШС кредиторлардың талаптарын орындау және берешектерді өтеу міндеттемелерін өзіне қабылдайтыны туралы соттың тиісті шешімін күтті. Сот шешімі 2023 жылдың 29 маусымында шықты және жария етілгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде заңды күшіне енетінін атап өткен жөн.