Шүлбі ГЭС-інің көліктері өрт орнына тәулік бойы су мен жанармай тасуда
Шүлбі ГЭС-і өңірдегі төтенше жағдай кезінде штаттық режимде жұмыс істеп тұр
Шүлбі ГЭС-і аумағында авариялық-техникалық командалар тәулік бойы қосымша кезекшілік етуде, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі станцияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйеніп.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде өңірдегі қызыл жалын Шүлбі ГЭС-іне қарай жақындап келе жатқаны туралы ақпарат тарап, елдің үрейін ұшырған еді. Алайда жергілікті билік бұның жалған ақпарат екенін жеткізген болатын.
Өңірде орман өртіне байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі кезінде Шүлбі ГЭС басшылығы мен персоналы ТЖ-ның алдын ала пысықталған сценарийлері бойынша үйлесімді әрекет етеді, - деп мәлімдеді станцияның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, гидроэлектростанцияның автокөліктері тәулік бойы апат аймағындағы өрт сөндіру машиналарына су мен жанар-жағармай жеткізуде.
Шүлбі ГЭС өрт сөндіру депосында әдеттегі уақытта тәулік бойы екі өрт сөндіру бөлімшесі кезекшілік етеді. Қазіргі уақытта құрамның бірі гидростанция мен Шүлбі кентінің объектілерін қорғауды қамтамасыз ету үшін тұрақты орналасқан жерде, екіншісі өрт қауіптілігі аймағына іссапарға жіберілді, - делінген хабарламада.
Станцияның өзінде барлық жұмыстар жоспарлы режимде өтуде. Жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды күрделі және ағымдағы жөндеу кестеге сәйкес орындалуда. Станция штаттық режимде жұмыс істейді және жүктемесі де жүйелік оператордың кестесіне сәйкес.