Орман өрті үшін экс-министр Ильинге қатысты тексеріс жүргізіле ме?
Абай облысындағы төтенше жағдай, адам өліміне қатысты тергеу жүреді
Өрттің шығу себебі де әлі нақты емес, деп хабарлады Tengrinews.kz.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәжіліс кулуарында құқық қорғау органдары бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге қатысты тексеріс жүргізілетінін айтты.
Президент Бас прокурорға тапсырма берді, оның аясында тексеру жүргізіледі. Өрт дерегінің өзі төтенше жағдай, адамдар қаза болды, сондықтан қылмыстық іс аясында тексеру болады. Неге дер кезінде шара қолданбады, мүмкін немқұрайлық, қызметтік міндеттерін орындамау, - деді Ахметжанов.
Өрттің ықтимал себептеріне тоқталған ішкі істер министрі бүгінде әртүрлі нұсқалар зерттеліп жатқанын атап өтті.
Өрт қою, абайсыздық, найзағай түсу деген нұсқа бар. Сараптама және іздестіру шаралары жүргізіледі. Тергеуге екі ай уақыт берілді, - деп түсіндірді ІІМ басшысы.