Өрт маңындағы ауылдарға жүзге жуық сарбаз аттанды
Халық көшірілген ауылдардағы үйлерді Ұлттық ұлан сарбаздары ұры-қарыдан қорғамақ
Сондай-ақ, сарбаздар ауылда қалған кей тұрғындарды эвакуациялап, зардап шеккендерге көмек көрсетеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұлан Бас қолбасшысымен келісіле отырып, ҰҰ "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының шешімімен эвакуацияланған Половинка, Каштак, Талица және Тепкаши ауылдарына Семейдегі 5511 әскери бөлімінің 100-ге жуық Ұлттық ұлан сарбаздары мен 8 техника жіберілді, - делінген ақпаратта.
Әскерилер ауылдарда қоғамдық тәртіпті күзетіп, ауылда қалған кей тұрғындарды эвакуациялауға және зардап шеккендерге көмек көрсететін болады. Бұл орындарда жауынгерлік қызмет Ұлттық ұлан "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Рүстем Ақбалиннің жеке қадағалауымен ұйымдастырылған.
Қазіргі таңда Абай облысындағы орманның ауқымды жерін жалмаған өрт әлі толық сөндірілмей, маңайда орналасқан ауылдарға қауіп төндіруде.