Оқушылардан ақша бопсалаған “Жас Ұлан” офицері жұмыстан шығарылған
Әлеуметтік желіде Семейдегі “Жас Ұлан” арнайы әскери лицейде орын алған әлімжеттік бойынша бейнежазба тарап жатыр
Бейнежазба авторының айтуынша, бұл мектепте мұндай оқиға жиі орын алады. Әрі офицерлер бопсалап, ақша алатынын да айтты.
Ақша талап еткен бірнеше офицер жұмыстан шығарылды, бірақ ақша бопсалаған ұландар қалды, олар әлі бар, – деп жазды ол.
Автордың айтуынша, офицер 2-тоқсанның аяғында оқушыны белбеумен ұрған. Ал оқушы екінші жігітті бетінен шапалақпен ұрғаны өткен жылы мамыр айында болған.
Ал Абай облысы Білім басқармасы дарынды балаларға арналған Ш. Уәлиханов атындағы "Жас-Ұлан" арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты тәрбиеленушілері мен офицер арасында болған бейнежазбаға қатысты ресми мәлімдеме таратты.
3 ақпанда әлеуметтік желілердің мониторингі барысында 111-взвод ұланына 91-взвод ұланы соққы берген бейнежазба табылды. Сондай-ақ, офицер 71-взвод ұланын белбеуімен ұрған бейнежазба табылды. Жоғарыда аталған фактілер 2022 жылдың қазан айында болды, - делінген хабарламада. - Қызметтік тергеу барысында бұл фактілер расталды және кінәлі адамдарға қатысты тәртіптік жаза қолданылды, атап айтқанда: 111-взводтың тәрбиеленушісі 2023 жылдың 6 ақпанында оқудан шығарылды, офицер 2023 жылдың 8 ақпанында қызметінен босатылды.
Ұландар арасындағы қарым-қатынас, жанжалды жағдайлар мен педагогтердің іс-әрекеттері Семей қаласының "Жас Ұлан" лицейі мен Абай облысы білім басқармасының басшылығының тұрақты бақылауында.