Семейде тағы бір ғимарат тарихи ескерткіштер қатарына қосылды
Еліміздің мәдени астанасы деп танылған Семей қаласында 1844 жылы салынған көпес үйі бар
Жекенің меншігіндегі бұл ғимараттың бір бұрышы осыдан екі жылдай уақыт бұрын қиратылған болатын, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ғимарат иесі оның орнына тұрғын үй салмақ болған. Қаладағы тарихи маңызы бар ғимаратты заңсыз қиратқан оның үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын.
Жақында Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы ғимарат тарих және сәулет ескерткіштерінің тізіліміне енгізіліп, мемлекет теңгеріміне алынғанын мәлімдеді.
Сонымен Найманбаев көшесі, 187 мекенжайындағы көпес үйі бірнеше рет бұзылудан аман қалды.
Қазір ғимарат біздің қорғауымызда. Ғимараттың иесі бар, бірақ Семейде тұрмайды. Біз онымен тұрақты байланыстамыз. Үй иесі ғимарттың келбетін сақтай отырып, қайта қалпына келтіреді. Нысанның бұзылуына жол бермейміз, - деді басқарма басшысы Айдар Ибраев.
Ол бұрынғы "Бинар" қонақүйі жайлы да айтып өтті.
Мұнда нысанды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бізге алдын ала үлгісін көрсетті және комиссияға ұсынды. Бастапқы келбеті бұзылатын болғандықтан, ғимаратты кірпішпен қаптауға келіспедік. Иесі біздің ұсынысымызды құптады, - деді Айдар Ибраев.
Найманбаев көшесі, 116 мекенжайындағы бұрынғы телеграф кеңсесінің ғимаратында да жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ғимарат апатты жағдайда тұрғандықтан, тарих және сәулет ескерткіштері қатарынан шығарылған. Қазір нысанның ішкі қалпына келтіру жұмыстары басталды, иесімен тығыз байланыстамыз. Алдағы уақытта ғимаратты өз теңгерімімізге аламыз, - деп түйіндеді сөзін Айдар Ибраев.