Президент ескертуінен кейін Семейдің аулалары жөнделе ме?
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов аула аумақтарын абаттандыру бойынша ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстардың жоспарымен бөлісті
Кеше еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Семей қаласының абаттандырылуы, инфрақұрылымы мен аулалардың жай-күйіне ерекше назар аударды. Шаһар басшысы бұл ескертулердің барлығында айтарлықтай негіз бар екенін айтады.
2023 жылға арналған жұмыстарды жоспарлау кезінде біз барлық аулаларды аралап шықтық. Мен Семей аумағына кіретін ауылдар мен барлық кенттердің тұрғындарымен кездестім. Олардың ұсыныс-тілегін тыңдадым. Шынында да, қаламыздағы ойын алаңдары мен аулалар өте нашар жағдайда. Бүгінгі таңда қаламызда 576 аула бар, оның 10%-ы ғана жарамды күйде. Қалғандары күрделі жөндеуді қажет етеді. Барлық аулаларды бір жылда жөндеп бітіру мүмкін емес. Сондықтан жұмыстарды әр жыл сайын кезең-кезеңімен жүргізіп, бес жыл ішінде жөндеп бітіреміз деп ойлаймын, - дейді Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Биыл 180 үйді қамтитын 70 аула аумағын кешенді түрде абаттандыру жоспарлануда. Яғни, аула аумақтарын абаттандыру кезінде жылу трассаларының құбырлары мен су құбырларын ауыстыру, жарықтандыру, асфальт төсеу, балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын орнату жұмыстары бірге жүргізіледі.