Ұландықтар жүкті әйелді аман алып қалды
Ұлттық ұлан сарбаздары есінен танып қалған жүкті келіншекке алғашқы көмек көрсеткен
Бүгін сағат 9.30 шамасында Семей қаласындағы Би-Боранбай көшесі бойында келе жатқан жүкті әйел кенет есінен танып, құлап қалған, деп хабарлады Устинка LIVE тілшісі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйеніп.
Дәл осы сәтте құлап жатқан әйелді тәуліктік кезекшіліктен шығып, үйлеріне қайтып бара жатқан 5511 әскери бөлімінің 3 әскери қызметкері байқап қалады.
Ұландықтар дереу көліктерін тоқтатып, 103 каналына хабарласқаннан кейін, уақыт жоғалтпастан талып жатқан әйелге алғашқы медициналық көмек беруге кіріседі. Әйелдің есін жиюға көмектесу барысында оның «Идиопатиялық эпилепсия» диагнозымен есепте тұрғаны белгілі болады, - дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді.
Жедел жәрдем келе сала келіншекті бірден қалалық перенаталдық орталығына алып кеткен. Қазіргі таңда оның денсаулығы бірқалыпты.