Өскемен
пасмурно
-4°
  • Өскемен
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -5°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Семейде үй қымбаттап, жалдамалы пәтер ақысы шарықтады

Жуырда жеке облыс болып құрылатынын естіген семейліктер баспана бағасын күрт қымбаттатып жіберді. Бұрын 5-7 миллион теңге тұратын тұрғын үйдің бағасы бірнеше пайызға өсіп, бүгінгі таңда 25-30 миллион теңгеге саудаға қойылған

Усть-Каменогорск и ВКО / Семей /  Семейде үй қымбаттап, жалдамалы пәтер ақысы шарықтады
Фото:
редакция мұрағатынан

Абай облысының құрылатынына байланысты Семейде бас-пана бағасының күрт қымбаттап кеткенін әлеуметтік желіде жарыса жазып жатқандар көп. Семейдегі пәтер құны елордадағы баспана бағасын басып озды. Жылжымайтын мүлік агенттігі өкілдері соңғы бір айдың өзінде шаһарда тұрғын үйдің айтарлықтай қымбаттағанын айтады. Оған қоса жалдамалы баспана мен кеңселердің де ақысы аспандап кеткен. Бас-пана бағасының күрт өскенін тұрғындар да бірден сезінген. Осыған орай, жергілікті риелторлармен хабарласып, нарықтағы бағаны бағамдап білген едік. Жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы Нұргүл Сүлейменова баспана нарығына бірнеше фактордың әсер еткенін айтады.

Семейде пәтердің де, жер үйдің де бағасы рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Тек жаңалары емес, ескі үйлердің құны да қымбаттаған. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, құрылыс материалдарының бағасы көтерілгені белгілі. Бұл жаңа үйлердің қымбат болуына әкелді. Жаңа облыстың құрылатыны туралы жаңалық та ықпал етіп отыр. Себебі халық қалаға мол қаржы құйылып, жағдай оңалады деп үміттенеді. Тек үйдің емес, жалға берілетін нысандардың, кеңселердің де ай сайынғы ақысы жоғарылап кетті. Ал осыған дейін еш қолданылмай, бос тұрған ғимараттар көп болатын, - дейді Нұргүл Сүлейменова.

Риелтордың айтуынша, нарықтағы 32 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің бағасы осыдан 3 ай бұрын 8,5-10 миллион шамасында болса, қазір 10 миллион теңгеден басталады. 42 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің құны бұрын 10-12 миллион шамасында болса, бүгінде 12 миллион теңгеден асып жығылады.

Орташа есеппен алғанда баға осындай. Әрине, баға пәтердің қазіргі жағдайына, салынған жылына, орналасқан көшесіне, қабатына байланысты белгіленеді. Жылы жаңа 52 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерлер бүгін 15-20 миллион теңге аралығында, ал бірнеше ай бұрын 13-15 миллион еді. Үш бөлмелі пәтерлер 18-30 миллион теңгеге дейін тұрады. Менің ойымша, бағаны осыншама өсіру қисынға келмейді. Адамдар үйлерінің құнын негізсіз аспандатып жіберді, - дейді 13 жыл бойы осы салада жұмыс істеп жүрген Нұргүл Сүлейменова.

Жылжымайтын мүлік агенттігінің мамандары жарты жылда баспана бағасы кем дегенде 15 пайызға қымбаттағандығын айтуда.

Облыс болады деп жариялаған күннен бастап баға өзгерді. Сол күні пәтер саудасына қатысты келісімнен бас тартқандар көбейді. Баспана сатушылардың көбі бағаны қайта қарастыратындықтарын айтып келісімшарттан бас тартты. Кейбірі бағаны көтерсе, енді бірі баға тұрақталғанша күте тұратындықтарын жеткізді, - дейді сату бөлімінің менеджері Валентин Осинцев.

Бұл тұрғыда экономистер бағаның тұрақсыз болуына бірнеше фактор әсер еткенін айтады. Ең бастысы Ресей мен Украина арасындағы соғыстың салдарынан доллардың құбылуы. Халықтың зейнетақы қорындағы шекті деңгейден асатын бөлігін тұрғын үй алуға пайдалануы да қымбатшылыққа себеп болған.

Орталық болғаннан кейін адамдар қалаға шоғырланады. Сондықтан, әрине, сол жерден бағаның өсуі пайда болады. Сондай-ақ, 50-60 жылдары салынған, банк кепілдігіне жатпайтын үйлер тым көп. Қазір оларды жаңасына ауыс-тыру үшін тұрғындар жаппай сатуға тырысуда. Ал ала қоятын жаңа пәтердің де саны шектеулі. Ол да жаңа үйлердің бағасының өсуіне әкеп соқтыруда. Оның үстіне жергілікті құрлыс компаниялары арасында бәсекелестік те жоқ. Сондықтан да ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа үйлер салуымыз керек. Ол бірінші мәселе. Екінші мәселе, Қазақстан бойынша құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындарын қолдауымыз керек, - дейді экономист Биболат Қуантқанов.

Ал тағы бір риелтор Жұлдыз Магазинованың пікірінше, үй Абай облысының құрылатыны жайлы хабардан соң бірден қымбаттап кетті деуге келмейді.

Баспана бағасы бұдан бұрын өсіп кеткен. Мәселен, кейбір құрылыс компаниялары былтыр 1 шаршы метрі үшін 240 мың теңге сұраса, биыл баға 280 мыңға жетті. Одан да қымбаттары бар. Ескі үйлерге қатысты айтар болсақ, ипотекалық бағдарламаның талаптарына сай келетін пәтерлердің құны жоғарылады, - дейді Жұлдыз Магазинова.

Оның айтуынша, баға негізінен зейнетақы жинағын баспана алуға жұмсауға рұқсат берілгенде күрт өскен. Сол кезде бірден 1,5-2 миллион теңгеге қымбаттапты.

Ипотекаға алуға келмейтін ескі үйлер ғана бұрынғы бағада. Байқауымша, қазір сапасы жақсы, 2-3 бөлмелі пәтерлерді арнайы бағдарлама арқылы несиемен қол жеткізуге мүмкіндігі барлар немесе қалталы азаматтар сатып алып жатыр. Көпшілік бағаны қолдан шарықтатып жіберді. Бұл мәселені мемлекет тарапынан реттеу керек деп ойлаймын, - дейді Жұлдыз Магазинова.

Баспана бағасының күрт өсуіне тұрғындар да алаңдаулы. Биыл Құралай Сәрсенованың үлкен қызы мектепті тәмәмдап, жоғары оқу орнына түскен болатын. Сондықтан шалғайдағы ауылда тұратын отбасы Семейден баспана алуды ойлаған. Алайда бірнеше жыл бойы қаражат жинап, пәтер іздеуге кіріскенде үйлердің құны күрт шарықтап кеткен.

Қалай облыс болады деді, солай үйлердің бағалары шарықтап кетті. Бір миллион теңге мен бес миллион аралығында өзгеріс бар. Бір ай бұрын күрт көтеріліп кеткен үйлердің бағалары түседі деп күттік. Бірақ ешқандай өзгеріс көріп отырған жоқпыз. Бұлай жалғаса берсе, қолымызда бар қаражат алғашқы жарнаға да жетпей қалады, - дейді Құралай Сәрсенова.

Салыстырмалы түрде сайттағы бағаны қарап көрсек. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында аумағы 57 шаршы метр болатын екі бөлмелі жаңа пәтердің құны 26 миллион 164 мың теңгеден сәл ғана асады. Өскемен қаласында аумағы 52 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтердің құны 25 миллион, ал Семейде осыдан 32 жыл бұрын салынған, екі бөлмелі, аумағы 51 шаршы метр болатын үйдің өзі 35 миллион теңгеден сатылымда тұр.

Следующая →
Тақырыптар: Семей Баспана Баға