Марқакөл ауылындағы спорт кешенінің құрылысы қарқынды
Күршім ауданы, Марқакөл ауылында "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Халықтың, әсіресе жастар үшін қолжетімді болуы тиіс нысан биыл пайдалануға берілмек. Бұл спорт нысаны балаларды бұқаралық спортқа баулуға септігін тигізбек
"Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында ауылдардың ажары кірді. Халық игілігіне қажетті нысандар көптеп бой көтеруде. Әсіресе бұқаралық спортты дамытудың маңызы артып келеді. Осы орайда шекаралық аудандарды дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында 2021 жылы Марқакөл ауылында жастарды спортқа баулитын жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынған болатын. Өткен жылдың сәуір айының аяғында басталған құрылыс нысанында жұмыстар тоқтаусыз жүріп жатыр. Жалпы құны 30 миллион теңгені құрайтын нысан ауыл тұрғындарының игілігіне тамыз айында беріледі деп жоспарлануда. Құрылысты "Gazconstructions" ЖШС жүргізуде. 100 орындық спорт кешенінің ені 24 метр, ұзындығы 44 метрді құрайды. Бүгінгі таңда кешеннің төбесі шатырланып жабылған, қабырғалары тұрғызылған. Сондай-ақ, кәріз, су жүйелері жүргізіліп, жарық тартылуда. Құрылыстың басы-қасында жүрген Аман Серіковтің айтуынша, құрылыста өз мамандарынан 8 жұмысшы, жергілікті тұрғындардан тағы 8 адам тартылған. Бүгінде трибуна монтаждау, яғни, дәнекерлеу жұмыстарында екі адам, жылу тартуда үш адам жұмыс істеп жүр.
Қаладан құрылыс материалдарын тосып отырмыз. Есік-терезе, бетон материалдары келуі керек. Тапсырыс берген материалдар келген бетте-ақ бірінші және екінші қабаттың ортасына бетон төсеу, есік-терезе орнату сынды ішкі жұмыстарға бел шеше кірісеміз, - дейді шебер Аман Серіков. - Былтырдан бері құрылыс тоқтаусыз жүріп келеді. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы жасалған. Жұмысқа қажетті құрылыс материалдары аптасына екі рет, кей кездері бір реттен тасымалданып отырады. Ең бастысы, екі қабаттың ортасына бетон төсеу жұмыстары аяқталса, негізгі ішкі жұмыстарға күш саламыз. Нысанды өз уақытында жоспарға сәйкес тапсырамыз деген сенім бар.
Кешен жастарды салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек. Марқакөл ауылының тұрғындары орталықта болашақ чемпиондар өсіп шығарына сенімді.
2-3 жылда әр спорт түрінен Қазақстанның чемпиондарын шығарамыз деген мақсатта салынып жатыр. Соған жұмыс істейміз. Осындай кешендер Қазақстанның әр ауылында салынса, мықты спортшылар шығады деген ойымыз бар, - дейді ауыл тұрғыны Мерей Асқаров.
Сондай-ақ, Қалжыр ауылында да 80 орындық спорт кешені салынуда. 2021 жылы басталған құрылыс жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Спорт кешенінің ішкі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйелері мен су жүйелері тартылған. Есік орнатылған, ішкі әрлеу жұмыстары жасалған, енді нысанның сыртқы жұмыстары басталып кетті.
Еске сала кетейік, облыс әкімі Даниал Ахметов ауыл өмірін жандандырып, шекара маңында орналасқан ауылдардағы мәселелер мен тұрғындар санының азаюын шешуге баса назар аудару қажеттігін тапсырған. Сонымен қатар, "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасының аясында 4 тірек елді мекен Глубокое, Көкпекті, Күршім, Үржар ауылдарында жалпы сомасы 3,5 миллиард теңгені (оның ішінде 1,9 миллиард теңге республикалық бюджет есебінен) құрайтын 8 жоба жүзеге асырылады деп атап өткен.