Миролюбовка ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункт ашылды
Самар ауданындағы бұл ауылда жаңа әлеуметтік нысандар салынбағанына біраз болған

Жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункт заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, емшара және қарау кабинеттерімен, сондай-ақ дәріханалық бөлмемен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов нысан құрылысына қатысты шешім өткен жылы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың ауданға жасаған сапары кезінде қабылданғанын атап өтті.
Миролюбовка - транзиттік ауыл және туристік бағытта орналасқан елді мекен. Осыны ескере отырып, фельдшерлік-амбулаториялық пунктті дәл осы ауылда салу жөнінде шешім қабылданды. Облыс басшылығының қолдауының нәтижесінде бұл мәселе оң шешімін тауып, бүгінде ауыл тұрғындары мен аудан қонақтары заманауи жағдайда сапалы медициналық қызмет ала алады, - деді аудан әкімі.
Нысанның жалпы аумағы 139 шаршы метрді құрайды, бір мезетте 25 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік бар.
Ауылымызда осындай маңызды нысанның ашылғанына өте қуаныштымын. Мен Миролюбовкада медицина саласында 30 жылдан астам еңбек еттім. Бұл ФАП-тың салынуы - облыс пен аудан басшылығының көреген әрі уақытылы қабылдаған шешімі. Қазір медицина дамып келеді, ал бұл жерде халыққа сапалы қызмет көрсетуге қажетті барлық заманауи жабдықтар бар, - деді Миролюбовка ауылының тұрғыны Фания Арапова.