Самар ауданындағы қырық жыл жөндеу көрмеген жол жөнделді
Аудан тұрғындары тозығы жеткен жол мәселесін облыс әкімімен кездесу кезінде көтерген болатын

Палатцы ауылынан Подгорное ауылына дейінгі автожол учаскесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Биыл мамыр айында үш Кеңес Одағының Батыры дүниеге келген Подгорное ауылына жұмыс сапары кезінде жергілікті тұрғындар автожолдың қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты өңір басшысына өзекті мәселені көтерген болатын. Аталған жол учаскесінде құрылған күнінен бері, яғни 40 жылдан астам уақыт бойы, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Көктем мезгілінде жолды су шайып, соның салдарынан ауылдар негізгі тасжолдан уақытша оқшауланып қалатын.
Өңір басшысы жолдың нақты жағдайымен танысып, аудан басшылығына автожолды қысқа мерзімде тиісті қалыпқа келтіру жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінде аталған тапсырма толық көлемде орындалды. Жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде әрі сапалы жүргізіліп, жол нормативтік талаптарға сәйкес жағдайға келтірілді. Нәтижесінде көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрғындар үшін қолайлы қатынас қамтамасыз етілді.
Жалпы, Самар ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Өткен жылы ауданда 45 шақырым автожол мен елді мекен көшелері жөнделсе, биыл 60 шақырымнан астам жолдың жөндеу жұмыстары аяқталды.