Алтай мен Риддер жолдарын енді "Сергек" бақылайды
Шығыс Қазақстан облысындағы екі қалада "Сергек" камералары пайда болады
Облыс бойынша қазіргі таңда тек Өскемен қаласында "Сергек" бейнебақылау жүйесі жұмыс істеп тұр.
Енді тағы екі шаһарда, атап айтқанда Алтай мен Риддерде, осы жүйе іске қосылады.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында мәлім етті.
"Сергек" бейнебақылау жүйесінің арқасында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың саны айтарлықтай азайғаны байқалып отыр. Сондай-ақ жасалған қылмысты жедел ашу көрсеткіштері де жақсарған. Енді Алтайда – 154, Риддерде – 249 камера орнатылады, - деді ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев.
Камералар көше қиылыстарында, адам көп жүретін қоғамдық орындарда орнатылады.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемен жүргізушілеріне былтыр "Сергек" арқылы 130 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлаған едік.