Глубокое ауданында өрт шығып, бір адам иіс тиіп көз жұмды
Уварово ауылында жер үйде өрт шығып, бір адам қайтыс болды
Жер үйдің кіре берісі мен шатыры отқа оранған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ТЖД ақпаратына сүйеніп.
Сол кезде үйде бірнеше адам, оның ішінде 5 жасар бала болған.
Үй иесі көрші тұратын күйеу баласын көмекке шақырған. Евгений Шимин есімді азамат лезде көмекке келіп, баланы үйден алып шықты. Үй иесі де сыртқа шығып үлгерген. Алайда үйге қонаққа келген 68 жастағы әйел уланып, құтқарушылар жеткенше көз жұмды, - делінген ақпаратта.
Көп ұзамай жалпы ауданы 56 шаршы метрді құраған тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Болжам бойынша қызыл жалынның шығу себебі - электр сымдарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан немесе отты абайсыз қолданудан болуы мүмкін.