Риддер ЖЭО-ның №6 қазандығындағы апат жойылды
Алдағы сағаттарда қазандық желіге қосылып, жылу беру басталады

Жылу беріле бастаса, риддерліктердің үйлеріндегі температуралық режим қалпына келтіріледі, деп хабарлайды Устинка LIVE сайты.
Алдыңғы күні Риддер жылу орталығының 6 нөмірлі жоғары қысымды қазандығындағы жұмыстар штаттан тыс туындаған жағдайға байланысты тоқтатылған болатын. Яғни, 9 қарашада жылу электр орталығындағы №6 жоғары қысымды қазандық іске қосылған, бірақ 10 қараша күні түнгі сағат 01.00-де температурасы 65 градусқа жеткен №6 қазандық апатты жағдайда сөндіріліп, бірден жөндеу жұмыстары басталып кетті.
ТЖ штабының мәліметінше, 2022 жылғы 11 қарашада сағат 8.00-де ЖЭО-дағы температура 57/44 градус. Сыртқы ауа температурасы -2 градус.
Багер жылу орталығы штаттық режимде жұмыс істейді. № 6 қазандықтағы апат жойылды. Гидравликалық сынақтар жүргізілді. Сағат 8.00-де қазандық агрегатын жағу басталды. Алдағы сағаттарда қазандық желіге қосылып, жылу беру басталады. Қала бойынша энергия тұтыну 9 Мвт құрайды (бұған дейін 12-19 Мвт аралығында болған). Бұл үйлердегі температура режимінің қалпына келгенін көрсетеді, - деп хабарлайды штаб.
Сонымен қатар, бүгін "ЖЭО Риддеріне" қосымша 4 мазут цистернасы жеткізілді.