Риддер тұрғындары ауыз сусыз қалды
Громотуха өзенінде мұз қатып, қалыптасқан бөгет салдарынан бірнеше шағын аудан ауыз сусыз қалды

Жергілікті коммуналдық қызмет тұрғындарға цистернамен су жеткізілетінін ескертті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қазіргі уақытта өзенде мұз қату салдарынан "Компания ЛК ГЭС" ЖШС-ден тазарту құрылыстарына су беру тоқтатылды. Су тасымалы уақытша жер асты су көздеріне ауыстырылды. Маңызды әлеуметтік нысандарды сумен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй секторына су жіберуді шектеуге тура келді. Бұл Таловка, порт, Орман шаруашылығы, Ботаника, ДОСААФ және басқа аудандарға қатысты. Қаланың басқа аудандарында су қысымы өте әлсіз.
Айта кету керек, риддерліктерді сусыз қалдыратын мұндай күтпеген жағдайлар жиілеген. Әдетте қатты аяздан кейін орын алады. Коммуналдық қызмет мамандары сумен қамту мәселесі шамамен бір тәулік ішінде шешілетінін айтады.