Риддердегі көпсалалы аурухана кешенінің құрылысы аяқталды
Жаңа медициналық кешен құрамына 2️00 төсек-орынға арналған стационар және бір ауысымда 5️00 адамды қабылдай алатын емхана кіреді

Нысанды облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аралап көрді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бас мердігер ұйым – "Элхон" ЖШС. Жобаның жалпы құны 34,8 млрд теңгені құрады. Нысан пайдалануға қабылданды.
ШҚО әкімі атап өткендей, бұған дейін аурухананың негізгі корпустары, оның ішінде педиатриялық бөлімше 80 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Қазіргі таңда жаңартылған кешен заманауи талаптарға сай көпсалалы медициналық мекеме ретінде қызмет көрсетеді. Мұнда тек Риддер қаласының тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы елді мекендердің халқы да медициналық көмек ала алады.
Аурухана кешенінің құрылысы Қазақстан Республикасының "Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заңы аясында бөлінген қаражат есебінен жүргізілді.
Жалпы ауданы 40 мың шаршы метрден асатын үшқабатты ғимарат қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Кешен құрылымында тәулік бойы жұмыс істейтін стационар, күндізгі бөлім, паллиативтік көмек, консультативтік-диагностикалық және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қызметтері қарастырылған.
Қазіргі уақытта тиісті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталу сатысында. Осы рәсімдер толық аяқталғаннан кейін көпсалалы аурухана кешені тұрғындарды қабылдай бастайды.