Риддерде заманауи емхана салынып жатыр
Қазан айында Риддер қаласында бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхана ашылады

Бүгін бұл нысанды моноқалаға жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов барып көрді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Облыс әкімінің айтуынша, медициналық мекемеде қажетті жабдықтардың барлығы орнатылған, қазіргі уақытта мамандар іске қосу және баптау жұмыстарын жүргізуде.
Бұл Риддер үшін маңызды әлеуметтік нысандардың бірі. Қалада халық саны өсіп келеді, туристер легі де артуда, сондықтан сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігі басты назарда. Жаңа кешен тұрғындарды заманауи медициналық қызметтермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді өңір басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл құрылыс жұмыстарын аяқтауға қайтарылған активтер есебінен 15 млрд теңге бөлінді. Ал келесі жылы көпсалалы аурухана кешенінің құрамында 200 орындық стационар жұмысын бастайды.