ШҚО-да өндірістік жұмыстарға рұқсат алмаған кәсіпорынға айыппұл салынды
Риддер қаласындағы өндірістік қалдықтарды өңдейтін зауыт құрылысы қатысты "AB TECHNO" ЖШС-на жоспардан тыс тексеру жүргізілген

Нәтижесінде сот арқылы кәсіпорынға 2 мле теңгеге жуық айыппұл салынып, қызметі 3 айға тоқтатылған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
2025 жылдың сәуір айында өткізілген тексеру барысында кәсіпорын жалға алған аумақта дәнекерлеу, жер қазу және құрылыс жұмыстары жүргізілгені анықталды. Бұл жоба іске асырыла бастағанын білдіреді. Аталған жұмыстар міндетті экологиялық сараптамасыз және қоршаған ортаға эмиссияға экологиялық рұқсатсыз басталған. Бұл Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 68, 87, 88 және 106-баптарының талаптарын бұзу болып табылады, - деп мәлімдеді ШҚО экология департаменті.
Тексеру материалдары сотқа жолданып, нәтижесінде "AB TECHNO" ЖШС ӘҚБтК-ның 328-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, сондай-ақ кәсіпорынның қызметі 3 айға тоқтатылды.
Экология департаменті қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін кез келген құрылыс және өндірістік жұмыстар экологиялық рұқсаттар мен сараптама қорытындысын алғаннан кейін ғана жүзеге асырылуы тиіс екенін ескертеді.