Риддердегі аурухана құрылысын аяқтауға 28 млрд теңге бөлінді
Риддер қаласындағы аурухана кешенінің құрылысы 2021 жылы басталған болатын
Үкімет құрылысты аяқтау үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң шеңберінде қайтарылған қаражаттан Риддер қаласындағы 200 орындық стационары мен бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын емханасы бар көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға 28,2 млрд теңге бөлінді.
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі ақпаратына сүйенсек, жобаның жалпы құны – 34,8 млрд теңге, қазіргі уақытта 6,6 млрд теңге игерілді, оның ішінде 2 млрд теңге республикалық бюджеттен, 4,6 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Қалған қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінеді.
Аурухана кешенінің ашылуы демографиялық жүктемесі жоғары моноқала үшін өте маңызды. Риддердің халқы 55 мың адамды құрайды, оның 22,7%-ы 60 жастан асқан. Қаланың әр түкпіріндегі 12 ғимаратта орналасқан жалғыз аурухана кешенінің ғимараттары 80 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Нысандар ескірген және қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмейді. Сонымен қатар, халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қосымша кардиологиялық, инсульттік, травматологиялық және күйік төсектерін ашу қажет, - дейді Премьер-министр.
Жаңа көпсалалы кешеннің жалпы ауданы – 40 мың м2. Аурухана сараптамалық кластағы медициналық жабдықтармен жабдықталады. Мұнда 500-ден астам қызметкер жұмыс істейтін болады.