Марқакөл ауданында жер қойнауын заңсыз пайдаланған азамат жауапқа тартылды
ШҚО Экология департаменті Марқакөл ауданы депутаттарының өтініші негізінде Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты "Шанды" жер учаскесінде тексеру жүргізген

Нәтижесінде жеке тұлғаның ҚР экологиялық заңнамасын бұзғаны анықталып, ол 1 млн теңгеден артық айыппұл төлеуі мүмкін, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Тексеруге Ертіс бассейндік инспекциясының су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі мамандары, Кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасы, сондай-ақ "Шығысжерқойнауы" Шығыс Қазақстан өңіраралық геология департаментінің өкілдері қатысты.
Тексеру нәтижесі бойынша жеке тұлға Айқын Ардагер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 358-бабы 2-бөлігі; 332-бабы 1-бөлігі; 328-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады ШҚО Экология департаменті. - Іс материалдары сот органдарына жолданды. Сонымен қатар, жиналған материалдар Марқакөл ауданының құқық қорғау органдарына және өзге де құзыретті мемлекеттік органдарға тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды.
Барлық айыппұлдардың жалпы сомасы 270 АЕК немесе 1 061 640 теңгені құрайды екен.
ШҚО Экология департаменті облыс аумағында заңсыз жер қойнауын пайдалануды анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтеді. Ерекше назар экологиялық заңнаманың сақталуына, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және жер қойнауын пайдалану саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға аударылуда.