Күршімдегі әскери қызметшілер баспаналы болды
Күршім ауылында орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігінің балансындағы 31 пәтерлік 2 қабатты екі үй күрделі жөндеуден өтіп, әскери қызметшілерге табысталды
Күні кеше 31767 "В" әскери бөлімінің 16 қызметшісіне пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қалған пәтерлер кезекте тұрған әскери қызметшілерге өтінімдері бойынша табысталмақ.
Айта кетейік, Әуе қорғаныс күштерінее қарасты Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері құрамыдағы 31767 "В" әскери бөлімі Күршім ауылында 1958 жылы құрылған. Алғашында жеке радиолокациялық рота болып құрылған әскери бөлім бүгінде жеке радиотехникалық батальонға айналды. Бөлім шығыс аймағындағы шекаралық аудандардың әуе кеңістігін, саяси-әкімшілік орталықтарын, стратегиялық маңызы бар экономикалық-өндірістік аудандарын әуе шабуылынан және жаудың ұшқұшсыз ұшу аппаратарын табу, тану және жою, сондай-ақ әуе шабуылы туралы әскерді флот күштерін, азаматтық қорғаныс органдарын, тұрғындарды алдын ала хабардар етіп, қорғау мен күзету шараларын ұйымдастырады.
1972 жылы әскери бөлімге қарасты офицерлер үйі салынды. Алайда ғимарат ескіріп, ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген болатын. ҚР Қарулы күштері әлеуметтік көмек ретінде ескі ғимаратты қалыпа келтіріп, толықтай жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Жалпы ауданы 778,7 шаршы метр болатын ғимаратта 32 пәтер бар. Олардың біреуі жылыту қазандығымен, қалғандары электр қуатымен жылытылады.
Біз Отанын қорғап, еліне адал қызмет етіп жүрген офицерлеріміздің, әскери қызметшілеріміздің барлық жағдайын жасауға, олардың проблемаларын шешуге бар күшімізді саламыз. Сондықтан 2020 жылы ескі ғимаратқа толықтай жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Енді, міне, бүгін 31 пәтердің кілтін табыстадық. Баспаналы болған әріптестерімді жаңа қоныстарымен құттықтаймын! - деді Әуе шабуылына қарсы әскери қолбашысының тыл жөніндегі орынбасары полковник Асылхан Таубаев.
Әскери адамның жұмысы түзде. Олардың үйіндегі барлық шаруаларды тыңдырып, балаларды тәрбиелеп, үйге жылулық сыйлайтын - офицерлердің екінші жартылары. Бұл әлеуметтік жоба бірінші кезекте сол аналардың, әйелдерің қамын ойлап, олардың жағдайын жасау арқылы әскери қызметкерлерің мойнындағы отбасының қамын қалыпқа келтіру сияқты жауапкершілікті шешуге көмектесті.
Қорғаныс министрлігіне шалғайдағы біздің әскери бөлімді, мұндағы қызметкерлерді ұмытпай, біздің жағдайымызды ойлап, офицерлер үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп бергендері үшін алғыс білдіреміз. Біздің үйіміз кең, жарық, жылы әрі жөндеу жұмыстары да заманауи, - деді әскери қызметшінің жұбайы Бақыт Камалова.