Қаржыландыру үзілмесе, Күршімдегі көпір құрылысы уақтылы аяқталады
Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасының үстінен салынып жатқан көпір құрылысын Астанадан комиссия келіп, тексеріп кетті
Бұқтырма су қоймасы үстінен салынып жатқан көпір құрылысымен Президент Аппараты мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті өкілдері танысып кетті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ШҚОФ ақпаратына сүйеніп.
Арнайы келген мамандарды Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ШҚО филиалының басшысы Ержан Усманов құрылыс басына апарды.
1300 метрлік бұл көпір екі жылдан соң қолданысқа берілуі тиіс. Осыған дейін бұл нысанда 20 миллард 500 миллион теңге игерілді. Биыл 15 миллиард теңгеге өтінім беріліпті.
Уақытша көпір құрылып, соның үстінен негізгі көпір салынып жатыр. Сол уақытша көпір ар жақ жағадан 130 метрден астам салынып бітсе, бергі жағалаудан 530 метрден астамы аяқталған. Сонымен бірге негізгі көпірдің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Жиырма бір тірек болатын болса, соның қазір жетеуі аяқталған. Енді екі жағадан екі екіден 4 тірек көтеріліп жатыр, - делінген хабарламада.
Құрылыс басшысы Нигматулла Абдулхақовтың айтуынша, егер қаржыландыру үзілмесе, көпір де уақытында салынады.