Күршімдегі пациентке дәрігер жеткізу үшін түн ортасында паром іске қосылды
Күршім ауданында ауыр жағдайда түнде ауруханаға түскен жүкті келіншектің өмірін құтқару үшін облыс орталығынан дәрігерлер жеткізілді
Өткелді ашып, паромды іске қосу үшін ШҚО ТЖД, аудан әкімдігі мен облыстық көлік басқармасы күш біріктірген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы ақпаратына сүйеніп.
Оқиға екі апта бұрын орын алған. Күршім ауданында бесінші баласына жүкті келіншек 34-ші аптада қауіпті диагнозбен ауруханаға түскен. Плацентаның толық бөлінуі, ауыр преэклампсия ана мен бала өмірі үшін аса қауіпті. Түскен кезде іштегі нәрестенің жүрегін тыңдау мүмкін болмаған екен.
Жағдай бірден облыстың бас гинекологы Марат Көксегеновке баяндалды. Аудандық аурухана дәрігерлері диагнозды ескере отырып, пациентті шұғыл кесір тілігі отасы арқылы босандырды. Дәрігерлердің арқасында ол ауыр жағдайдан аман-есен шығарылды, – дейді Күршім аудандық ауруханасының бас дәрігері Ләйлім Шоқаева.
Бас дәрігердің айтуынша, сол сәтте Өскеменнен қажетті мамандар – акушер-гинеколог пен реаниматологты жеткізу мәселесі шешіліп жатқан. Себебі оқиға түнде Күршім паромы тоқтап тұрған уақытта болған.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшылығы түнгі уақытта өткелді ашып, паром арқылы дәрігерлерді Күршім ауданына жеткізу үшін ШҚО ТЖД басшылығына, аудан әкімі және облыстық көлік басқармасына жүгінді, - дейді Ләйлім Шоқаева.
Ал күні кеше пациент ауруханадан шықты.