Күршімнің қойнауы бай Ақбұлақ ауылынан жұрт неге көшіп жатыр?
Күршім ауданынан 96 шақырым жерде орналасқан Ақбұлақ ауылында бүгінде 40 шақты шаңырақ қалған

Бұл өлкенің қойнауы бағалы металға бай. Мәселен, облыстағы ірі "Қаршыға" мыс-кен орны да осында. Одан өзге, лицензиялы әрі лицензиясыз алтын іздеуші ірілі-ұсақты компаниялар қазір ауыл айналасында қызу жұмыстарын жасап жатқаны да осыған дәлел.
Бірақ Ақбұлақ ауылы осы байлықтың игілігін көріп отырған жоқ. Өйткені ауыл жолдары мүлде жөндеу көрмеген, ауыз су тартылмаған, мектеп ескі, мәдени шара өткізер клубы да жоқ, айта берсең мәселе шаш етектен. Тіпті, ауыл ішіндегі жолды былай қойып, Күршімнен келе жатқан жолдың 45-47 шақырымында асфальт жоқ, ойдым-ойдым жерлермен шаңдатып жетесің. Ал бұл өлкенің қысы қатты әрі ұзақ болғандықтан бұл жолдарды жиі қар басып қалатынын айтады жергілікті тұрғындар.
1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 1154 адамды құраса, 2009 жылғы санақ бойынша 363 жан қалған. Бүгінде небары қырыққа жетер-жетпес үй тұр. Ауылда қаңырап тұрған иесіз үйлер көп.
Ауылдан біздің неге кетеді?..
Ақбұлақ - ауылдық округ орталығы. Тұрғындар бұл ауыл Кеңес үкіметі тұсында "дүркіреп" тұрған ауыл болған деседі. Бір ғана Ақбұлақтың өзінде 600-ге жуық шаңырақ болған. Ал қазір 40-қа жетер-жетпес түтін қалды. Бұған не себеп?
Ауылдық округ әкімі Ержан Бектеміровтің сөзіне сүйенсек, 1990-2000 жылдары бұл өңірде жол мәселесі өзекті болған. Жергілікті тұрғындардың көшуіне де осы проблема бірден-бір себеп.
Ол уақытта халық Егіндібұлақ ауылына дейін атпен, атшанамен келіп, көліктерін тастап кетуге мәжбүр болатын. Кеңес үкіметі тұсында күндіз-түні арнайы техника кезекшілік ететін еді. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін жолды тазартып отыру қиынға соқты. Осыдан мезі болған халық жаппай көше бастады. Қазіргі таңда бұл мәселе аса өзекті емес. Егіндібұлақта жол-пайдалану басқармасы бекеті бар, техника сол жерде тұрады, - дейді Ержан Рамазанұлы.

Ақбұлақ ауылдық округіне Теріскей Бөкенбай, Күнгей Бөкенбай ауылдары қарайды. Арғы жағындағы Алтай, Мәйтерек елді мекендері біраз жыл бұрын адам саны жетіспегендіктен ауыл статусынан айырылып қалған.
Ақбұлақтың өзінде 550-600 шақты үй болған, - дейді Ержан мырза. - Кезінде миллионер совхоз болған. Қазір ауыл маңында "Қаршыға кен орны" мыс өндіріп жатыр. 2006 жылдары барлау жұмыстарын бастаған еді, ал ашылғанына төрт жылдай ғана уақыт болды. Халық осы өндіріс орнының ашылуын көп тосты. Кен орны ауылда 100-150 шаңырақ болған уақытта ертерек ашылып кетсе, бәлкім халық қалар ма еді?..
Дегенмен кен орнының мемлекет бюджетіне құйып жатқан салығынан өзге, зілдей көліктерімен жолын басып өтетін ауылдың жергілікті халқына ауыз толтырып айтарлықтай көмегі де жоқ сияқты. Бірнеше азаматты жұмыспен қамтыды демесек...
Қыста көше жолдарын қардан тазартып беру сынды жұмыстар болмаса, басқа көмек жоқ, - дейді ауыл әкімі Ержан Рамазанұлы. - Жергілікті халықты жұмыспен қамту туралы ауызша келісім бар. Ақбұлақтың және көршілес ауылдардың біраз азаматы кен орнында бүгінде жұмыс істеп те жүр. Одан өзге, кен орнында фабрика директоры болған Азамат деген жігіт жергілікті халыққа Алтай ауданынан көмірді өз бағасына жеткізіп беруге уәде берген еді. Алайда қазір ол ауысып кетіп, орнына басқа азамат келген екен. Сөйтіп ауылға көмірдің жартысы ғана жетті. Осы мәселе бойынша келесі аптада Алтайға барып, қазіргі тасымалдаушымен сөйлеспекпін.
Ауыл тұрғындары былтыр көмірдің бір тоннасын 27 мың теңгеден алғандарын айтады. Ал кен орны көмектесіп, Алтайдан тікелей өз бағасына (12-13 мың теңге) алып келсе, ауылдықтарға үлкен көмек болар еді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, негізі бір отбасына 3 тоннадан көмір қажет, ары кетсе 5 тонна.
Алтын қазушылар құдықтың суын ластайды
Ауыл маңында кен орнынан өзге, алтын іздеушілер де жиі келеді. Тіпті рұқсат қағазы жоқ пысықтар да бар сияқты. Ауыл тұрғындары заңсыз алтын іздеушілердің алтын шайып, суды ластап, табиғатқа зиян келтіріп жатқанына да наразы.
Құдық істемей қалғанда өзен суын өзіміз де пайдаланамыз. Балалар суға түседі, мал су ішеді. Сол жағынан алтын шаюдың зияны бар, - дейді ауыл тұрғыны Сағдат Саманова.
Өзенді былай қойып, бір кездері құдықтың да суы лайланып, іше алмай қалғандарын еске алды ауылдықтар. Айта кетейік, бұндағы халық әлі күнге дейін суды көшедегі құдықтардан тасып ішеді.
Ауыз суды былай қойып, ауылдағы жолдар да ешқашан жөндеу көрмеген.Ауыз су мәселесін шешуге аудан әкімдігі қаржы бөлуге келіскен. Алайда биыл емес, келесі жылдың еншісінде шығар, - дейді ауылдық округ әкімі Ержан Бектеміров.
"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша биыл ауыл ішіндегі екі шақырым жолға асфальт төсеу жұмыстары басталып кетті. Тендерді ұтып алған "СК КазАлем" ЖШС техникаларын алып келді, енді асфальтін тасиды. Жұмыстар қыркүйекте, күн суытпай аяқталуы керек, - дейді Ержан Рамазанұлы.

Ауылда мәдени шаралар өткізетін клуб та жоқ екенін байқадық. Бір кездері бос тұрған дүкен ғимаратын "Жастар үйі" деп ашқан екен. Бірақ ауылда жастар жоқ болғандықтан жабық тұр. Ауылда жұмысқа қабілетті адамдар да аз. Ауылдық округ әкімдігінің өзінде үш бос жұмыс орны тұр.
Мұндағы халық негізінен мал шаруашылығымен күн көріп отыр. Қазір ешкім егін салмайды. Бірақ кеңес шаруашылығы кезінде барлығын салды: бидай, жүгері, күнбағыс. Қазір егістік жер бос жатыр, - дейді әкім мырза. - Ауылға келіп, егіншілікпен айналысамын деушілерге жер беруге де дайынбыз.
Мектеп үлкен, бала саны мүлдем аз
Ақбұлақтағы мектеп 2018 жылдан бері шағын жинақталған негізгі орта мектеп болып қалған. Яғни, әдеттегідей он бір емес, тоғыз-ақ жылдық мектеп болып тұр. Бірақ бұдан да төмендеп, бастауыш мектеп болып қалу қаупі басым. Өйткені 200 орындық мектепте бүгінде жиырмаға жетер-жетпес бала қалған.
Иә, ауыл әкімі бастаған елжанды азаматтар туған ауылын сақтап қалу үшін қолдарынан келгенін жасап жатыр. Осы ауылға қоныс аударамын дейтін ағайын болса, ауыл болып көмектесуге дайын екендіктерін айтады. Өздері де отын-суға қарық болып отырмаса да келетін отбасылардың қамын ойластырып жатыр.Өзім осы мектептің түлегімін. Мен оқығанда 700-дей бала білім алатын, тіпті екі ауысыммен оқытатын, - дейді ауыл әкімі Ержан Рамазанұлы. - Қазір даңғарадай мектеп бос қалды. Сол үшін де ауылымызға мектеп жасындағы балалы отбасылар көшіп келсе деген ниеттеміз. Бос тұрған үйлер көп. Көшіп келемін деушілер болса, баспанамен, отынмен көмектесеміз.
![]()
Бұл ауылға қоныс аударудан бас тартатындардың көбі аурухана жоқтығынан қорқады. Ауылдағы ФАП-та жалғыз медбике бар. Басы ауырып, балтыры сыздаған жергілікті халық 40 шақырым жердегі көрші ауылға барып қаралады.
80 жылға жуық тарихы бар мектептен ақын, сазгер, мәдениет қайреткері Нәбиолда Кемешов; ақын, тілші-аудармашы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Көпен Ерқасов; Күршім аудандық №1 медициналық орталығының бас дәрігері Марат Блейменов сынды талай еліне-жеріне еңбегі сіңген тұлғалар білім алған екен.
Мектеп үлкен, 200 бала сияды. Бірақ қазір жиырмаға толар-толмас бала қалды. Бала саны аз болғандықтан сыныптарды біріктіріп оқытуға мәжбүрміз. Кадр жетіспеушілігі де бар. Қазіргі таңда он шақты ұстаз бар, - дейді мектеп директоры Сәуле Әскербекқызы. - Аудандық білім бөлімі ауыл құрып кетпесі үшін мектептің қазіргі статусын қалдырып отыр. Оған да рахмет, келер жылға дейін оқушы жинау үшін барымызды салып тырысып келеміз. Негізі динамика 3 жылға деп беріледі, шағын жинақталған негізгі орта мектеп болып отырғалы биыл бесінші жылға кетті. Шынтуайтында бастауыш мектепке де жетпейміз. Бастауыш мектептің өзінде бала саны 40-қа жетуі керек.

Мектеп ұжымы жан-жақтағы ауылдардан бала әкеліп, оқушыларды толықтыруға тырысып-бағуда. Бірақ ауылда жағдай болмаған соң мұнда келуге көбінің құлқы жоқ. Алайда көшіп келетіндер болса, ауыл меценаттары оларға көмектесуге дайын.
Бүкіл шығыстағы ауылдардағыдай мұнда да ғаламтор дұрыс тартпайды. Мектептегі ғаламтор жылдамдығы жетпеген соң мобильді ғаламторды жиі пайдаланатын көрінеді.
Мектептің материалдық-техникалық базасы да ескіргенін көз көрді. Күрделі жөндеу жасалғанына да он жылға жуықтап қалған шығар. Бірақ жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып отырады.
Айта кетейік, мектеп жанында интернат ғимараты да бос тұр. Ашылғанына 10 шақты жыл болып қалған екен. Бірақ күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, екі қабатты мектеп астында шағын орталық бар. Онда жиырма бала бар.
Оқушыларымызды аудандық, облыстық байқаулар мен жарыстардан қалдырмаймыз. Оқушыларымыз алдыңғы орындардан көрініп, жиі жүлдемен оралады, - дейді Сәуле Әскербекқызы.
![]()