Күршім ауданындағы халықтың 35%-ын жастар құрайды
Аудан әкімдігі жастарды әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту мәселесіне жіті көңіл бөлуде

Ауданда 14 пен 35 жас аралығындағы 4544 азамат тұрып жатыр. Оның 3264-і аудан орталығында, ал 1280 жас ауылда тұрады.
Биыл 67 адам жұмыс іздеп, Жастар ресурстық орталығына жүгінген. "Жасыл ел" бағдарламасы арқылы екі маусымға 50 адам маусымдық жұмыспен қамтылды, - дейді Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбеков. - "Дипломмен ауылға" бағдарламасы арқылы ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шаралары көрсетілуде.
Бұл бағдарлама көрсетілетін әлеуметтік көмек:
- көтерме жәрдемақы;
- тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие.
Екеуіне де бір мезгілде өтініш беруге болады немесе тек біреуін ғана алуға болады. Шарт бойынша 3 жыл сол елді мекенде, сол жұмыс орнында қызмет атқару қажет. Бюджеттік несие 15 жылға беріледі, бірақ 3 жылдан кейін бюджеттік несиені мерзімінен бұрын өтеуге болады.
Биыл көтерме жәрдемақы мөлшері – 393 200 теңге. Бюджеттік несие мөлшері: аудан орталығыда тұрғын үй алуға ең жоғары мөлшері 9 830 000 теңгеге дейін; ал басқа ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін ең жоғары мөлшері 7 864 000 теңгеге дейін қаражат беріледі. Берілетін бюджеттік несие тұрғын үйді бағалау актісіне байланысты екенін айта кету керек, - дейді аудан әкімі. – Биыл тұрғын үй сатып алуға 21 маманға 190 702,0 мың теңге бюджеттік несиелер жоспарланған. Ағымдағы жылдың есепті кезеңіне 20 маманға көтерме жәрдемақы берілді.
Айта кетейік, аудан басшылығының қолдауымен Жастар ресурстық орталығының ғимаратында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Барлық жоспарланған жұмыстар аяқталғаннан кейін ғимаратта жастардың бос уақытын ыңғайлы өткізу үшін қосымша орындар пайда болады. Жалпы ғимаратты жөндеуге жергілікті бюджеттен 30 млн теңге бөлінген.