Маралдыда белгісіз себептен мал қырылып жатыр
Мал өлексесі, су мен топырақтан қажетті сынама алынып, зерттеуге жіберілді

Кеше Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауданы Маралды ауылындағы мал өліміне қатысты жиналыс өткізді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
19 қыркүйек күні Күршім ауданы әкімдігіне Маралды ауылында 8 ірі қараның белгісіз себептермен өлгені туралы хабар түскен. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен сол жерге бірден Күршім ауданының әкімі, ШҚО Экология департаменті, облыстық Ветеринария басқармасы мен санитарлық қызмет мамандары барды.
Ауылдан 5 шақырым жерде орналасқан Березит учаскесінде 7 малдың өлексесі табылған болатын. 20 қыркүйекте қайта тексеру кезінде тағы бір малдың өлексесі анықталды.
Біздің басты міндетіміз – халық пен төрт түліктің қауіпсіздігі, табиғатымыз бен аң-құсқа ешқандай залалдың келмеуі. Тиісті сараптамалардың қорытындысы шыққаннан кейін нақты шешімдер қабылданып, барлық қажетті шаралар қолға алынады. Қазірдің өзінде биоқауіпсіздік және зардап шеккен мал иелеріне қолдау көрсету мәселелері қарастырылып жатыр, – деді аймақ басшысы.
Мамандар судан, топырақтан және мал өлекселерінен сынама алып, кешенді зерттеулер жүргізу үшін тиісті зертханаларға жіберді. Атап айтқанда, Күршім аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ШҚО Ұлттық сараптама орталығына, "Күршім-Вет" КМК облыстық ветеринариялық зертханаға жіберсе, экологтар 23 қыркүйекте топырақтан қосымша сынама алып, экологиялық стандарттарға сәйкестігін тексеруге кірісті.
Сол аумаққа дезинфекция жүргізіліп, малға вакцина егілді. Сондай-ақ өндіріс орындары экологиялық талаптардың сақталуына қатысты тексерілді.
Экологиялық сараптама нәтижелері осы аптаның соңына дейін дайын болады деп күтіліп отыр. Ал ветеринариялық сынамалардың қорытындылары 4 қазанға дейін шығарылмақ.
Бүгінге дейін Маралды ауылында басқа мал өлімі тіркелген жоқ.