Өскемен
пасмурно
+4°
  • Өскемен
    +4°
  • Алматы
    +6°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +9°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -3°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +4°
  • Павлодар
    -2°
  • Петропавловск
    -3°
  • Тараз
    +4°
  • Туркестан
    +3°
  • Шымкент
    +7°
$
494.87
-0.33
520.65
-1.69
¥
68.34
4.91
-0.03
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Көкпектідегі Көкжайықта көкпар өтті: "Мұндай дода бұрын-соңды болмаған"

Көкпекті ауданы Көкжайық ауылында осы өңірде бұрын-соңды болмаған дүбірлі дода өтті

Усть-Каменогорск и ВКО / Кокпекты (Кокпектинский р-он) / Көкпектідегі Көкжайықта көкпар өтті: "Мұндай дода бұрын-соңды болмаған"
Фото:
Көкпекті аудандық ІСБ-дан

Көкпекті ауданына кеңінен танымал, жетім-жесірдің жанашыры, ұлттық спорттың қолдаушысы, ауылын сүйген Қайрат Дүйсенбаев есімді азамат осыдан 2 жыл бұрын жарық дүниемен қош айтысып еді. Көзінің тірісінде өз қалтасынан бір миллион теңге жүлде тігіп, үлкен көкпар берген болатын. Енді, міне, артында қалған құдай қосқан жары мен бірге жүрген жолдастары, достары, бауырлары марқұмның рухына арнап, 23-ші наурыз күні Көкжайық ауылының іргесінде жаппай көкпар өткізді. Көкпар тартып, бәйге шабатын ас болады десе, серілерді желік қыспай тұрушы ма еді, көптен қалмай біз де барып қатысып қайттық.

Жүлде қоры - 2 миллион, өгіз өлді - 1 жылқы

Күн жылып, қар көбесі сөгілген шақ. Аспан шайдай ашық, көктемнің ызғарлы желі ғана денені аздап шымырлатады. Ауылға кіретін күре жолдың бойында, тас жолдың төменгі етегінде киіз үй тігіліпті. Қасында пілдей үлкен екі КамАз көлігі тұр. Ар жағы егістік даласына жалғасып созылатын жиырма соток жердің көлеміндей алаңқай толықтай күрелген. Көлік жүретін, халық тұратын, көкпар ойнайтын жердің барлығын қардан аршып берген аудандағы ең ірі "Елім-ай" шаруа қожалығының елжанды азаматтары. Өгіздей үлкен дауыс зорайтқыштар, микрофон, марапат қағаздары, сертификаттар - барлығы зілдей көліктің тіркемесінде. Бір бұрышында Қазақстанның көк байрағы желбіреп тұр. Жиналып қалған абажадай жол талғамайтын көліктер бұл астың кәсіпкерлердің, бизнесмендердің, жомарт жандардың арқасында өтіп жатқанын айқындап, дәлелдеп тұрғандай. Ас иесі Қайрат Советбекұлының бауырлары, достары, әріптестері бірігіп 2 миллион теңге қаражаттың басын құрап, облыстық турнир өткіземіз дегенде Көкпекті ауданының белсенді азаматтары ол идеяны іліп әкетіп, ұйымдастырып жіберген. Марқұмның жары Индира Дүйсенбаева өгіз өлдіге, яғни көкпардың соңғы салымына бір жылқы тігетінін де күні бұрын мәлімдеген еді.

Сағат тілі күндізгі 11-ді көрсеткенде көптен күткен көкпар да басталды. Аудандық мәслихаттың депутаты, Үлгілімалшы ауылдық мектебінің директоры, атқұмар Ермек Нұрланұлы осы астың тойбасшысы болып, бірінші өзі бастады. Ең әуелі Қазақстан Республикасының әнұраны орындалып, одан кейін алыстан келген қонақтарға, басшыларға, сыйлы да беделді тұлғаларға, ауыл ақсақалына сөз берілді. Үлгілімалшы ауылдық мешітінің имамы Әлімбек молда құран оқып, бата жасады. Аудан әкімі Раджан Қайырқанұлы, аудан әкімінің орынбасары Марат Қапарұлы үлкен іс-шараның жақсы өтуіне тілектес екенін білдірді. Көкпекті ауданының айтыскер ақыны Фархат Маратұлы жиылған жалпақ жұртқа бір амандасып, палуан жігіттердің делебесін қоздырып, жігерін жанып, намыстарын қайрап арнауын арнады.

Осыдан кейін ортаға Көкжота ауылында орналасқан Көкпекті аудандық ат спорты мектебінің директоры Қанат Биқатов шығып, палуан жігіттерге ойынның ережесін, талаптарын түсіндіріп, ақалақшы-төрешілерді таныстырды. Алаңға бір емес, екі бірдей серке әкелінген болатын. Өйткені мұндай үлкен додада бір тушаның парша-паршасы шығып, тартуға жарамай қалуы әбден мүмкін. Көкжота ауылының тумасы, респбуликаға танымал көкпаршы Дарын Ахмадиев серкені бауыздап, басы мен төрт сирағын кесіп тастағаннан кейін ойын басталды да кетті.

200-ге жуық ат пен палуан жиналды

Қайрат Дүйсенбаевты еске алуға арналған жаппай көкпарға шығыстың түкпір-түкпірінен 180-нен астам палуан жиналды. Қаумалаған қалың жұрт 200-ге жуық есік пен төрдей айғырлардың өнерін тамашалады. Алысы Аягөз, Үржар, Мақаншы, Бородулиха, Өскемен, Ұлан, Зайсан, жақыны Ақжар, Ақсуат, Жарма, Самар, Бастаушы, Көкжота, Тассай, Көкпекті ауылынан келген көкпаршылар Көкжайықтың аспанын қиқу мен дүбірге толтырып жіберді. Оған жиылған көпшіліктің айқай-сүрен ұранын тағы қосыңыз.

Алғашқы салымға Көкжота ауылының тумасы, кәсіпкер Бауыржан Рапеков 300 000 теңге тікті. Бірінші салымды салу үшін палуандар бір жарым сағат бойы тартысты. "Сен тұр - мен атайын" деген сайдың тасындай жігіттер бір-біріне оңайлықпен есе жібергісі келмей, ұзақ алысты. Айғырлар ақ көбіктеніп, езулері қызыл ала қан болып тілінген кезде Ұлан ауданынан келген Мақсат Аринов есімді палуан салымға қол жеткізіп, 300 мың теңгені еншіледі. Осыдан кейін 100 000, 50 000 теңгелік салымдар бірінен соң бірі кетіп жатты. Ең көп салым салғандар Көкжота, Бастаушы ауылының палуан жігіттері мен Ұлан, Үржар ауданынан келген көкпаршылар болды. Доданың ортасына келгенде екінші серкені сойып, ортаға тастады. Түс кезінде кәсіпкерлер мен аудан басшыларына, ауыл үлкендеріне арнап дастархан жайылды. Ол жерде де ас иесіне құран бағышталып, естелік әңгімелер айтылды. Қас қарайып, кеш батып, сағат 7 болғанда ойынның соңғы салымы салынды.

Дода ерекше қарқынмен, арынмен өтті. Жігіттердің ұйымдастыру жұмыстарын мүлтіксіз атқарып, ештеңені қапы жібермегені көрініп тұр. Көкпекті ауданының туын жықпай, жыртысын жыртып жүрген Қапезов Болат, Далабаев Берік, Халық Азамат, Әзімбаев Ерлан, Сыдықов Ермек, Еркебұлан сиықты азаматтарға алғысым шексіз. Сондай-ақ астың өтуіне үлес қосып, демеушілік жасаған аудандағы "Елім-ай" сынды ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының барлығына үлкен рақметімді айтамын. Біреуі қаржы қосса, біреуі қар тазалап, енді бірі тойханасын ұсынып отыр, - деді Қайрат Дүйсенбаевтың бауыры Болатбек Советбекұлы.

Арты айтысқа ұласты

Дода аяқталған соң асқа келген барлық қонақтар, көкпаршылар, ұйымдастырушылар ауыл шетіндегі тойханаға жиналып, үстел басына жайғасып жатты. "Елім-ай" шаруа қожалығын жүргізіп, басқарып отырған Әділжан, Түсіпбай Бекбердиновтер асқа қатысқандарға арнап түсте де, кешке де дастархан жайып, өз тарапынан қолдарынан келгенше демеушілік көрсетіп жатты.

Жаппай көкпар шығыстың басқа аудандарында бұған дейін де болатын. Бірақ палуандар салымдарын салып, жүлделерін алып, кешке тамақ ішіп, тып-тыныш қайтып кететін. Бұл астың ерекшелігі кешкі дастархан басында тойханада айтыс ақындары мен дәстүрлі әншілердің өнер көрсетуі болды. Көкпаршылар шаршағандарын ұмытып, керемет сергіп, рухтары көтеріліп, демалып қайтты. Тіпті қолы ашық, жаны жомарт палуандар Тарбағатай, Ұлан, Аягөз, Ұлан аудандарын жырға қосып, арнау айтқан ақындардың домбырасына алған салымдарынан кәде қыстырып жатты. Үлкен Нарын ауылынан келген Алтайдың әншісі Елдос Жұмахмет көптің көзайымына айналып, халық әндерін әуелете шырқап, тәнті етті.

Көкжайықта өткен көкпардың тағы бір ерекшелігі: осы уақытқа дейін бұл өңірде 200-ге тарта ат пен палуан жиналған жаппай көкпар өтпеген екен.

Следующая →