Биыл Топқайың ауылындағы үйлерге таза су беріледі
Мұндағы су құбырын жаңғырту жұмыстары жылдарға созылып, бірнеше рет шегерілген

Облыс әкімі жұмыс барысын өзі тексеріп, биыл тұрғындарға су беруді тапсырды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Басты мердігер — "QazConstructions" компаниясы бүгінгі күнге дейін 14 шақырым су құбыры желісін тартып, құдықтар орнатып, құбырларды үйлердің ауласына дейін жеткізіп, екі резервуар мен су айдау стансасын салды.
Жұмыстарды жеделдету үшін қосалқы мердігер - ірі құрылыс компаниясы тартылды.
Өңір тұрғындарын алаңдатқан әрбір мәселе біздің бақылауымызда. Топқайың ауылындағы жобаның негізгі мердігері өз міндетіне салғырт қарап, келісімшарт талаптарын орындамады. Қазір жұмысқа жаңа мердігер ұйым кірісті. Алайда барлық жауапкершілікті тек компанияға ысырып қоюға болмайды - аудан басшылығы да өз деңгейінде жауап беруі тиіс, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі Катонқарағай ауданының әкіміне мердігермен бірлесіп мәселені шешіп, барлық жұмысты 1 қарашаға дейін аяқтауды тапсырды.
- Егер бұл талап орындалмаса, тиісті шаралар қабылданатын болады, - деп ескертті облыс әкімі.