Катонқарағай ауданындағы туристік бағыттардың бірі уақытша жабық
Өзен суы деңгейі көтеріліп кеткендіктен "Ақ Берел" туристік маршруты жабылды

Бұл туралы Катонқарағай ұлттық паркі ескертеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өзендегі судың деңгейі жоғарылағандықтан бұл бағытта жүру қауіп төндіреді. Осыған байланысты туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бағыт 15 шілдеге дейін уақытша жабылады, - деп мәлімдеді Катонқарағай ұлттық паркі.
Ұлттық парк өзен деңгейі төмендеген жағдайда қосымша хабарланатынын ескертеді.
Алайда туристер жыл сайын қайталанатын табиғи құбылыс туризмнің тұралап қалуына кедергі келтірмеуі үшін жағдай жасалуы керек деген пікірде.
"Ақ Берел" жай ғана туристік маршрут емес, бұл ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Мұзтау шыңына апаратын негізгі соқпақ. Бұл бағытпен жүруді шектемей, керісінше өзен өткелін және басқа да қиындықтарды айналып өтетіндей, барынша қауіпсіз жол табу қажет. Жолды жаба салу өңірдегі туризмнің дамуына кедергі келтіреді, - деп пікір қалдырып жатыр туристер.
Расында бұл тек ішкі туристерді емес, сырттан келушілерді де қызықтыратын туристік бағыт.