Биыл Ұлан ауданында бесінші рет халықаралық құсбегілер сайысы өтеді
8–11 қазан аралығында Бозанбайдың баурайында ұлттық рух пен дәстүрдің айшықты мерекесі – "Шығыс Салбурыны – 2025" халықаралық фестивалі өтпек

Биыл бұл шараға 7 мыңнан 10 мыңға дейін көрермен мен турист жиналады деп күтіледі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Шығыс Салбурыны" – халқымыздың атадан балаға жеткен асыл мұрасы, қыран құсты қастерлеу дәстүрін дәріптейтін ұлы дүбірлі жиын. 2020 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан бұл фестиваль бүгінде мәдениет пен спортты, өнер мен салт-дәстүрді тоғыстырған үлкен алаңға айналды.
Қазақ даласының саятшылық мектебін көруге жыл сайын мыңдаған көрермен келеді. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Республикалық құсбегілер федерациясының қолдауымен өтетін шараға биыл 7 мыңнан 10 мыңға дейін көрермен мен туристің қатысады деп күтіледі, - дейді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Маделхан Піржанов. - Фестивальдің 8-9 қазан күндерінде қатысушылар тіркеліп, мандаттық комиссия жұмысы мен жеребе тарту рәсімдері өтеді. Ал 10 қазандағы салтанатты ашылуда ұлттық киімдер мен жабдықтардың, қыран құстардың керуені өтеді. Арена төрінде бүркіттің айбаты, ителгінің шапшаңдығы, қаршығаның қайраты, тазының жүйріктігі жұртшылыққа ерекше әсер қалдырмақ. 11 қазанда сайыстың шешуші кезеңдері өтеді. Сонымен қатар, мүшәйра бәйгесі, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі және салтанатты гала-концертпен мереке мәресіне жетпек.
Құрметті қонақтардың қатарында ҚР Туризм және спорт министрлігінің құсбегілік бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы Базарбек Күнтуған, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен "Құсбегілік" федерациясының вице-президенті және бас төреші Бағдатхан Мүптекеқызы, сондай-ақ әлемге танымал бүркітші, жерлесіміз Айшолпан Нұрғайып бар.
Фестиваль қонақтарға тек тартысты сайыстарды ғана емес, мазмұнды мәдени бағдарламаны да ұсынбақ. "Бүркіт төбе" аумағында этностильде 20-дан астам киіз үй тігіліп, шеберлік сабақтары мен халықтық салт-дәстүрлер көрсетіледі.
Өңірдің аудан-қалалары ата-баба дәстүрлерін таныстырады:
- Өскемен – "Ашамайға мінгізу"
- Алтай ауданы – "Асату"
- Катонқарағай ауданы – "Бастаңғы"
- Үлкен Нарын ауданы – "Беташар"
- Тарбағатай ауданы – "Қырқынан шығару"
- Күршім ауданы – "Отқа май құю"
- Марқакөл ауданы – "Құйрық-бауыр асату"
- Глубокое ауданы – "Бесікке салу"
- Зайсан ауданы – "Тұсау кесу"
- Шемонаиха ауданы – "Ұйқы ашар"
- Самар ауданы – "Сырға салу"
- Ұлан ауданы – "Балаға ат қою"