Герасимовка ауылының тұрғындары жарықсыз, сусыз отырудан жалықты
Өскеменнен небары 18 шақырымда орналасқан ауыл өркениеттен тыс қалғандай

Үш күн демалыста жарық қатарынан бірнеше рет өшіп, жұртшылықты әбігерге салды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ұлан ауданына қарасты Герасимовка ауылында электр энергиясы мен ауызсу мәселесі жылдар бойы шешілмей келеді.
Бұрын жаңбыр жауса, қуанатын едік. Қазір аздап бұлт шықса, үрейленеміз, - дейді ауыл тұрғындары. - Жарық өшпейтін күн жоқ. Техникамыз жанып кетіп жатыр, оның құнын ешкім өтемейді. Жарық үшін бәріміз ақша төлейміз. Ал төлемді бір күнге кешіктірсең, дереу қиып кетеді. Енді шыдамымыз таусылды. Жарық сөне бергендіктен температура ауытқып тұрды, инкубатордағы күркетауықтардың жартысы өлді. Кім өтемек? Бақшаларымыз да кеуіп жатыр...
Ауыл әкімдігі тұрғындардың барлық шағымдарын дер кезінде Біріккен энергосервистік компанияның жергілікті бөлімшесіне жолдап отырғандарын айтады. Алайда электрмен жабдықтау сапасы сол қалпы. Сондықтан ауыл тұрғындары қол жинап, прокуратураға жүгінбек.
Біз, төменде қол қойған Герасимовка ауылының тұрғындары, электр қуатының жиі өшетініне шағымданамыз. Бұл тұрмыстық техникалардың істен шығуына, әсіресе қарттар мен балалар үшін қауіп төндіруде. Жиі шағымданғанымызбен, ешқандай нәтиже жоқ. "БЭСК" АҚ компаниясы сапалы қызмет көрсетпей отыр. Осыған байланысты аталған компанияның жұмысын тексеріп, заңбұзушылық анықталған жағдайда шара қолдануыңызды сұраймыз. Электрмен тұрақты әрі қауіпсіз қамтамасыз етуге міндеттеуіңізді өтінеміз, - делінген арыз мәтінінде.
Жұрттың арызы редакцияға жеткен соң, біз "БЭСК" АҚ баспасөз қызметіне ресми сауал жолдадық. Компания жауап берді.
2025 жылы Герасимовка ауылын электр қуатымен сенімді қамтамасыз ету үшін арнайы жұмыстар жоспарланған. Ұлан ауданындағы "Герасимовка" қосалқы станциясынан тарайтын 10 кВ Л‑2 және Л‑6 әуе желілерінде тіректерді түзету, сымдарды тарту, изоляторлар мен РЛНД‑10 ажыратқыштарын ауыстыру, жерге тұйықтау жүйесін жөндеу сияқты шаралар атқарылмақ, - делінген хабарламада.
Жөндеу жұмыстарының нақты басталу мерзімі әзірге белгісіз. Дегенмен жаздың бел ортасы таяп қалды. Тұрғындар кезекті уәдеден нақты нәтиже күтуде. Ал біз бұл мәселенің шешілу барысын бақылауда ұстаймыз.