Жарманың Новотаубинка ауылындағы мектеп апаттық жағдайда
Жарма ауданындағы бірнеше елді мекендегі мектептерді жөндеу қажет
Аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров аудандағы бірнеше елді мекеннің мектептерін аралап шықты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өңірдің тыныс-тіршілігімен танысқан кезекті сапарымды Суықбұлақ кентінің Ұзынжал, Жайма ауылдары мен Шар қаласы аумағындағы Кезеңсу, Көшек ауылдарында жалғастырдым, - деп жазды аудан әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. - Алдымен Ұзынжал ауылында болып, ондағы негізгі мектепті аралап, білім мекемесінің және онда орналасқан №580 сайлау учаскесінің жұмысымен таныстым. Мектептің еденін жөндеу бойынша жауапты мекеме басшыларына тапсырма бердім.
Ал Новотаубинка елді мекеніндегі бастауыш мектеп ғимараты тәуелсіз сарапшылардың қорытындысына сәйкес апатты деп танылған. Жарқынбек Борашұылының айтуынша, ауылға жаңа мектеп салу мәселесі облыс деңгейінде шешу жолдары қарастырылуда.
Жайма ауылындағы Арқалық негізгі мектебін аралау барысында да бірқатар мәселелер анықталған. Аудан басшысы ғимараттың спорт залын жөндеу ісін назарына алғанын айтады.