Аягөзде мал іздеуге шығып жоғалып кеткен бала дін-аман табылды
Кеше күннің боранында Аягөз ауданында 8 жасар бала атпен мал іздеуге шығып кеткен
Қас қарайғанда бала қайтып оралмағасын ата-анасы дабыл қаққан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Абай облыстық ПД ақпаратына сүйеніп.
11 ақпанда Аягөз ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғындар кәмелетке толмаған 2015 жылы туған ұлы Иманғали Мерей Нұржанұлын іздеуге жәрдемдесу туралы өтінішпен жүгінген.
Туыстарының айтуынша, сағат 10.00 шамасында 8 жасар бала мал іздеп атқа мінген. Кешке бала үйде болмаған кезде, алаңдаған ата-аналар іздеп шыққанымен таба алмай, полицияға жүгінді.
Баланы іздеу дереу басталды, 15 минуттың ішінде полиция бөлімінің барлық жеке құрамы көтерілді. Полицейлерден басқа іздестіруге еріктілер, жұртшылық және ауданның қамқор тұрғындары белсенді қатысты, - деп хабарлады Абай облыстық ПД. - Іздеу жұмыстарына ауа райы қолайсыз болғанымен, 100-ден астам адам көрші елді мекендер аумағын шолуды тоқтатпады.
Нәтижесінде 4 сағаттан астам уақыттан кейін аман-есен табылып, ата-анасына табысталды.