Қостанай облысында 200-250 жүк көлігі жолда тұр
Республикалық маңызы бар күре жолда көліктің барлық түрлері үшін шектеу енгізілген
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұлттық операторы шектеу тек Ақтөбе облысындағы ауа райы тұрақталғаннан кейін алынатындығын мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ағымдағы жылдың 7 ақпанында Ақтөбе облысындағы ауа райының қолайсыздығына және аталмыш облыста жолдың жабылуына байланысты республикалық маңызы бар А-22 "Қарабұтақ-Комсомольское-Денисовка-Рудный-Қостанай" автожолының 234-386 шақырымында (Ақтөбе облысының шекарасынан Денисовка кентіне дейінгі аралықта) көліктің барлық түрлері үшін шектеу енгізу туралы шешім қабылданған болатын.
Жол қозғалысы шектелген учаскелерде Денисовка кенті, Лисаковск ауылы және Тобыл станциясы маңында 200-250 бірлік транзиттік ауыр көліктердің жиналуы байқалады.
Қостанай облысында арнайы техника штаттық режимде істеп жатыр, облыс аумағынан өтетін аталмыш күре жолда қозғалыс қамтамасыз етілген, бірақ транзиттік көліктерге шектеу тек Ақтөбе облысындағы ауа райы тұрақталғаннан кейін ғана алынады, - деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысына дейінгі автожол бойында жүргізушілер мен жолаушыларға қызмет көрсететін сервистер саны (жанармай құю станциялары, кемпингтер, тамақтану орындары, қонақ үйлер) жеткіліксіз.
Осы факторларды негізге ала отырып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық маңызы бар А-22 автожолының Ақтөбе облысы шекарасынан Денисовка ауылына дейінгі аралықта жол қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.