Аягөздік оқушы қой шаруашылығын автоматтандыру жобасын әзірледі
Жоба қойшылардың жұмысын жеңілдете отырып, ұсақ малды көбейтуді көздейді
Аягөз ауданындағы қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы Бекнұр Айдарбек қой шаруашылығын автоматтандыруды ойлап тауып, шаруа қожалығына ұсынды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Оқушы замануи жабдықтарды пайдалана отырып, жоғары сапа, аз шығын, қожалықтарды автоматтандыру арқылы шаруашылық жұмысын жеңілдетуді мақсат еткен.
Жобада қойшының жұмысын жеңілдету үшін жем, шөп науаға автоматтандырылған жүйе арқылы салынып, су мотор арқылы құйылады. Ферманың іші жарық, таза. Қойларды жаю үшін "электроқойшы" құрылғысын ұсынамыз. Құрылғы мобильді, оны басқа жайылымға апарып орнатуға да болады. 2 га жер сыммен қоршалып, қой сол қорғанның ішінде жайылады, - дейді 8-сынып оқушысы Бекнұр Айдарбек.
Бекнұр жобаны іске асыру кезеңінде қаражаттың жұмсалуын есептеп, экономикалық тиімділігін де көрсеткен, маркетингтік жоспарын жасаған.
Жазғы, қысқы демалыс кезінде ауылға барып, атама көмектесемін. Шаруашылықта мал бағу, жем-шөп дайындау секілді жұмыс көп. Менің арманым - шаруашылықты автоматтандыруға қол жеткізу, бұл әкем мен атамның жұмысын жеңілдетер еді, - дейді Бекнұр.