Аягөз ауданынан 2700 жыл бұрын өмір сүрген сақ қолбасшысы жерленген қорым табылды
Абай облысы Аягөз ауданы Бозай ауылы маңынан табылған сақ кезеңіне жататыг қорымды бұған дейін біреулер тонап үлгерген көрінеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологтары қорымнан адамның шашылған сүйектері мен алтын әшекейлердің қалдығын тапты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Хабар 24-ке сілтеме жасап. Экспедиция мүшелерінің болжамынша, биіктігі 3, диаметрі 30 метрден асатын қорғанда ерте темір дәуірінде, яғни, шамамен 2700 жыл бұрын өмір сүрген сақ қолбасшысы жерленген болуы мүмкін.
Ғани Омаровтың жетекшілігімен қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологиялық топ бұл маңнан әртүрлі кезеңге жататын 60-қа жуық ескерткішті анықтаған еді. Жас ғалымдардың пайымынша, сақ кезеңіне жататын қоныстың болуы да әбден мүмкін.
Бұл жерден аң стиліндегі бұғының, қабыланның бейнесі табылды, - дейді археолог Бауыржан Бесетае. - Бірақ толық сақталмаған. Зерттеу жұмыстары жалғасады, әлі де жақсы дүниелер шығады деген үміттеміз. Ескерткіштің сыртқы, жер беті, қабір шұңқырының құрылысы өзгеше. Шығыс Қазақстанда, Орталық Қазақстанда мұндай ерекше құрылыс бірінші рет кездесіп отыр. Тас плиталарды қырынан қойып жерлеу ескерткіші анықталып отыр.
Өңірдегі Кеніш қорымынан осыған дейін адам бейнесіндегі балбал тастар табылғанын жазған болатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Бұл аймақта 20-ға жуық үлкенді-кішілі қорғандар жатыр. Бүгінгі таңда зерттеу тобы еліміздің көне тұрғындарының мәдениеті мен өнері, тарихы, наным-сенімдері туралы тың дерек табу мақсатында осы мекенде қазба жұмыстарымен айналысуда. Зерттеушілерге ҚазҰУ-дың Археология, этнология және мұражайтану кафедрасының оқытушылары – Ғани Омаров, Бауыржан Бесетаев және Сымбат Сағындықова жетекшілік етеді.
Абай облысына қарасты Аягөз ауданында мұндай кешенді зерттеу жұмыстары алғаш рет жүргізіліп отыр. 2021 жылы басталған жоба аясында 60-қа жуық бұрын-соңды белгісіз болып келген қорымдар ашылды. Әр қорымда 10-нан 50-ге дейін археологиялық ескерткіштер бар, – деген еді жоба жетекшісі, тарих ғылымының кандидаты Ғани Омаров.
Зерттеу жұмыстары барысында Бозай ауылы маңында орналасқан Бозай-1, Бозай-2 қорымдары толық аршылған. Археологтердің айтуынша, ескерткіштер орналасқан аймақ Кеңес өкіметі кезеңінде егістік ретінде қолданылған. Сол себепті қорғандардың көпшілігі нашар сақталған.