Әскери міндеттілердің оқу жиыны басталды
Аягөз, Үржар, Тарбағатай, Зайсан аудандарындағы әскери міндентті азаматтар оқу-жаттығу жиынына шақырылды
Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына, ҚР Үкіметінің «Әскери міндеттілерді әскери оқу-жаттығу жиынына шақыру туралы» қаулысына сәйкес, елімізде әскери міндеттілердің жиыны басталды.
Осыған орай Аягөз гарнизонының әскери бөлімінде 2022 жылғы 20 шілдесі мен 18 тамызы аралығында 90-ға жуық әскери міндеттімен жиын өтуде. Әскери міндеттілер Аягөз, Үржар, Тарбағатай, Зайсан аудандарындағы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімдері арқылы шақырылды. Қазіргі уақытта олар белгіленген әскери бөлімге келіп, барлық әскери киім-кешек, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, әскери бөлімінің базасында құрылған дала лагеріне қоныстанды.
Аталмыш жиынның алғашқы аптасында әскери міндеттілерге қауіпсіздік шаралары бойынша сабақтар өткізілетін болады. Содан кейін өздерінің мамандықтарына қарай бөлімшелерге бөлінеді. Сонымен қатар оларға әскери-патриоттық тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, Отан алдындағы борышты өтеу және жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарау мәселесі әңгімелесу түрінде өткізілді.
Әскери адам әлемде болып жатқан ахуалдан хабардар болып, түрлі қауіп-қатерге қарсы тұруға әрдайым әзір болуы керек. Басқа мамандықты игеру – екінші білім алумен тең. Дегенмен әскери міндеттілерді бір айдың ішінде өзге мамандыққа қайта даярлау – бүгінгі заманның талабы, – деді жиын бастығы подполковник Мұрат Нұржігітов.
Жиынға қатысушылардың барлығы да бұған дейін Отан алдындағы әскери борышын өтегендер. Бір ай ішінде шақырылған әскери міндеттілердің әрқайсысы өзінің әскери мамандығы және жалпы әскери пәндер бойынша теориялық және практикалық сабақтар курсын меңгеруі тиіс. Мұнда практикалық даярлыққа басты назар аударылады.
Менің әскерден келгеніме 10 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде әскери техника өзгеріп, жаңартылды, жағдай айтарлықтай жақсарды. Тағы да әскери ортаға келгеніме қуаныштымын. Бұл бұрын үйренген дағдыларды нықтап, жаңа әдістерге машықтануға жақсы мүмкіндік, – деді жиынға қатысушы запастағы ефрейтор Серік Қанапиянов.
Айта кетейік, әскери бөлімге дейін және кері қарай жол жүру уақытын қоса алғанда, жиын кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны, атқаратын лауазымы сақталады, оларға республикалық бюджеттен орташа айлық жалақы төленеді. Жиын қорытындысы бойынша сынақтар өткізіліп, оның нәтижелері бойынша бағдарламаны сәтті меңгерген әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтар берілетін болады.