Серебрянск қаласында жас сарбаздар әскери ант берді
Серебрянск қаласында орналасқан №97638 әскери бөлімінде еліміздің түкпір-түкпірінен 70-тен астам жас сарбаз Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге келді

Жастар әскери бөлімнің сержанттары мен офицерлері, ата-аналары мен жақындарының алдында салтанатты түрде әскери ант берді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Әскери ант - әрбір сарбаздың өміріндегі жауапты әрі тарихи сәт. Бұл күннен бастап жас жауынгерлерге үлкен сенім жүктеліп, олар үшін әскери қызметтің жаңа кезеңі басталады. Қызмет барысында сарбаздар жауынгерлік дайындықтарын шыңдап, әскери тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын терең түсінеді.
Баламыздың ел алдында әскери ант қабылдағанын көру – үлкен мәртебе. Ұлымыздың Отан қорғаушысы атанып, тәртіп пен жауапкершілікті меңгеріп жүргеніне қуаныштымыз. Барша сарбаздарға амандық, қызметтеріне сәттілік тілейміз, – деді жас сарбаздың ата-анасы Еркегүл Нук.
Шара барысында әскери бөлім басшылығы жас сарбаздарды маңызды сәттерімен құттықтап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.


