Октябрьск кентінің тұрғындары дәрігерге қаралу үшін енді Алтайға бармайды
ҚР Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Алтай ауданының Октябрьск кентінде жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды

Жаңа дәрігерлік амбулатория заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған, бұл амбулаториялық қызметтердің кең спектрін – профилактикалық тексеруден бастап, алғашқы медициналық көмекке дейін көрсетуге мүмкіндік береді.
Мен өмір бойы Октябрьскіде тұрамын, бізде бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес. Бұрын Алтайға бару керек еді. Ал қазір медициналық көмекті өз ауылымыздан шықпай-ақ алатын болдық. Осыған бар күш-жігерін салған жандарға рахмет, - дейді зейнеткер Евгений Семенюк.
Дәрігерлік амбулаторияның техникалық ашылуына аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова, аудан мәслихатының төрағасы Лариса Гречушникова, жергілікті қоғамдастық өкілдері, медицина қызметкерлері, еңбек ардагерлері және ауыл тұрғындары қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде Жанна Асқарқызы аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың атынан жиналғандарды еліміздің негізгі Заңының мерейтойымен құттықтап, мұндай нысандардың ашылуы ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың жемісі екеніне тоқталды.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту - мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Бүгінде біз Октябрьск кентінің тұрғындарын білікті медициналық көмекпен қамтамасыз ететін жаңа дәрігерлік амбулаторияны ашып отырмыз. Бұл азаматтарымыздың денсаулығына, қауіпсіздігіне және әл-ауқатының артуына қосқан үлесіміз, - деді аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Мекемеде науқастарды қабылдауға да, медицина қызметкерлерінің жұмысына да қолайлы жағдай жасалған.
Бұл дәрігерлік амбулаторияның ашылуы – жай ғана әлеуметтік нысан емес, ауыл тұрғындарының медициналық қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Конституцияда әрбір азаматтың денсаулық сақтау құқығына кепілдік берілген, бүгінде біз бұл ережелердің нақты өмірде қалай жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Мұндай жобалар мемлекет тарапынан халыққа жасалып жатқан қамқорлықтың үлгісі және өңірдің тұрақты дамуына жасалған сенімді қадам, - деді аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Гречушникова.