ШҚО-да тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты
Тарбағатай ауданына қарасты Жаңаауыл - "Арақ ішпейтін ауылдар" бастамасына ресми түрде қосылған жиырма бірінші ауыл

Ауыл тұрғындарының жалпы жиналысында "Тәртіпті, құқыққа бағынатын ауыл" бастамасына қосылу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Құқық қорғау органдарының өкілдері, ауыл тұрғындары мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысқан жиынға барлығы 96 адам жиналды. Кездесу қорытындысы бойынша ауыл тұрғындары елді мекенді "арақ ішпейтін ауылдар" қатарына енгізу жөніндегі ұсынысты бірауыздан қолдады.
Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті нығайту, алкогольдік ішімдіктерге байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ алаяқтық қылмыстардың профилактикасы мәселелері жан-жақты талқыланды.
Қазіргі таңда Жаңаауыл ауылында 661 тұрғын бар. Қ. Ақынов атындағы орта мектепте 83 оқушы білім алуда. Бүгінде Жаңаауыл Шығыс Қазақстан облысы бойынша "Арақ ішпейтін ауылдар" бастамасына ресми түрде қосылған жиырма бірінші мекен болып отыр.