Тарбағатай ауданында биыл 76,6 шақырым жол жөнделді
Биыл ауылдық округ орталықтарына апаратын жолдар 100% асфальтталған

Бұл туралы бүгін аудан әкімі Дархан Жөргекбаев айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Кеңес одағы заманынан бері асфальт салынып көрмеген Акжар-Шілікті жолының 15 шақырымына осы жылы орташа жөндеу жүргізілді. Бозша ауылына кіреберіс 3 шақырым жолға асфальт төселді. 2025 жылы аудандық маңызы бар ауылдық округ орталықтарына апаратын жолдар 100% асфальтталды. 76,6 шақырым жөнделген жолдың ішінде 49,750 шақырымға асфальт төселіп отыр. Ал қалған 26,8 шақырым жолға қиыршық тас төселіп, тегістелді, - деді ол.
Ақжар ауылының өзінде ғана жыл басынан бері жалпы ұзындығы 6,56 шақырымды құрайтын 10 ішкі көше жолына асфальт төселді. Аудан орталығындағы "Мектеп" шағын ауданының көшесіне, Құсанов, Желтоқсан, Қамысбаев, Әуезов, Төгісов, Уәлиев, Сейфуллин, Нұразханов, Торайғыров көшелеріне қиыршық тас төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілді. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайды.
Сонымен қатар, Жетіарал мен Бозша ауылдарының кіреберіс жолындағы су өткізгіш көпірлер ағымдағы жөндеуден өткізілді.