Өскеменге әскери борышын өтеуге 400-ден астам сарбаз келді
Жас сарбаздар еліміздің он облысынан жиналған

Олар Отан алдындағы борышын Өскемен гарнизонындағы №27943 әскери бөлімінде өтейді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Әскери борышты өтеу – Қазақстан Қарулы күштерінің ұлттық қауіпсіздігі мен ел тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сарбаздардың ант беруі олардың өз елін қорғауға және кез келген жағдайда адал болуға дайын екенінің дәлелі, – деді әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Нұрлан Кисенов.
Жауынгерлерден ант қабылдау рәсіміне алғаш рет жас буын да қатысты. №49 жалпы білім беру мектебінің 4-сынып оқушылары қатардағы жауынгерлердің ант беру сәтін тамашалап, елге қызмет етудің жауапкершілігіне куә болды. Балалар Отан қорғаушылардың мәртебелі міндеті, тәртіп пен батылдықтың маңызын терең сезініп, өздері де "Жас сарбаз" антын берді.
Әскер қатарына енді қабылданған жас жауынгерлер алғашқы дайындық кезеңінен өтіп үлгерді. Олар қарумен жұмыс істеп, тактикалық әрекет етуді үйренді, саптық талаптар және әскери жарғылармен танысты.
Мен Отаныма адал қызмет етуге ант бердім. Осы антымды бір жыл көлемінде абыроймен орындап шығуға ниеттімін, – деді қатардағы жауынгер Ақылбек Рахимболов.


