Тарбағатай ауданындағы ауруханаларға заманауи медициналық жабдықтар сатып алынады
Облыс әкімі жұмыс сапарымен Тарбағатай ауданына барып, медициналық мекемелердің жай-күйімен танысты

Сапар барысында Ақжардағы аудандық ауруханаға жаңа жедел жәрдем көлігін табыстады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Аудандық аурухана амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын форматтарда мамандандырылған көмек көрсетеді. Емханалық бөлім күніне 150–200 адамды қабылдауға қауқарлы. Қазіргі таңда тіркелген халық саны – 17 338 адам. Медициналық көмек 16 мамандық бойынша көрсетіледі. Клиникалық-диагностикалық бөлімге функционалды диагностика, ЭКГ, УДЗ, спирография, эндоскопиялық зерттеулер (ФКС, ФГДС), рентген, маммография, зертхана және физиотерапия кабинеттері кіреді.
2025 жылы Ақжар ауылында аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізілді, ал Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл ауданның медицина мекемелері үшін заманауи жабдықтар, соның ішінде жылжымалы цифрлық рентген-флюорограф (ФЛЮКАР), хирургиялық LED-шамдар, хирургиялық үстелдер, аспираторлар және басқа да құрылғылар сатып алынады. Сонымен қатар, аудандық ауруханаға жалпы құны 453,9 млн теңге болатын "Canon Medical Systems Corporation" (Жапония) өндірісіндегі 160 кескін жасауға қабілетті жоғары сапалы компьютерлік томография аппараты сатып алынды. Аурухананың аудиология кабинеті "Аудио-СМАРТ" (БАӘ) жүйесімен жабдықталған (КСВП, импедансометрия, аудиоскрининг), – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кеткен жөн, шетелде медицина қызметкерлерін даярлау бағдарламасы аясында Тарбағатай ауданының мамандары Ресей, Түркия, Германия және Израиль елдерінде білім алған.
Ақжар ауылындағы аурухана мен емханадан бөлек, Қарасу, Қабанбай, Тұғыл, Құйған, Жетіарал, Маңырақ, Жаңаауыл ауылдарындағы 7 дәрігерлік амбулатория мен 19 медициналық пункт халыққа дәрігерлік көмек көрсетеді.