Тарбағатай аудандық ауруханасының босану бөлімшесі күрделі жөндеуден өтті
Бұл бөлімшеде жарты ғасырға жуық күрделі жөндеу жүргізілмеген

Биыл "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, облыс әкімінің қатысуымен салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл бөлімше 1976 жылы көпсалалы ауруханамен бірге салынған болатын, содан бері бұл ғимаратта күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Сонымен қатар, перинаталдық көмектің екінші деңгейіне көшу мақсатында 280 млн теңгеге медициналық аппараттар мен құрал-жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде электрокардиограф, электрохирургиялық пышақ, электрокоагулятор, функционалдық кереуеттер, УДЗ аппараты, мониторлар, тыныс алуды жасанды қамтамасыз ету (ИВЛ) құрылғылары және басқа да заманауи құралдар бар. Бөлімше арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай жеке операциялық бөлмемен жабдықталған.
Босану бөлімшесі 15 төсектік орынға есептелген. Оның құрамына жүкті әйелдерге, босанған аналарға және жаңа туған нәрестелерге күтім көрсетуге арналған палаталар кіреді. Мұнда акушер-гинекологиялық және неонатологиялық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған.