Жұмыс іздеп жүрген шығысқазақстандықтарды шақырады
ШҚО әкімдігі жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, жұмыс іздеп жүргендерге ашық алаң ұйымдастырады
Оған өңірдегі 120-дан астам жұмыс беруші келеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы "Шығыс маманы" ашық алаңы 21 маусым күні (сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін) Қазақстан көшесі, 159 мекенжайында орналасқан "Гостиный двор" сауда кешенінің аумағында өтеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан үшін басты басымдық жастарды қолдау және адами капиталдың сапасын дамыту болып табылады.
Негізгі мақсат - жұмыс берушімен тікелей байланыс платформасын құру арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектерін және жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, - деп хабарлады ұйымдастырушылар. - Іс-шараға 120-дан астам жұмыс беруші, соның ішінде "ҮМЗ" АҚ, "Біріккен Энергетикалық компания" АҚ, "Востокцветмет" ЖШС, "Өскемен құс фабрикасы" АҚ сияқты ірі компаниялар, мемлекеттік басқару жүйесінің ұйымдары, қаржы саласы, құқық қорғау органдары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелері және т.б. қатысатындарын растады.
Ашық платформада жұмыс берушілер өз компанияларымен таныстыру өткізеді, бос жұмыс орындарын ұсынады және ең қолайлы кандидаттардың жеке базасын қалыптастырады. Жұмыс іздеушілер өз кезегінде кадр қызметінің мамандарымен әңгімелесуден өтіп, оларға қызықтырған сұрақтарын қоя алады.