Ұлттық ұланда әскери борышын өтеген сарбаздар үйлеріне қайтты
Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №5518 әскери бөлімі кезекті сарбаздар легін шығарып салды
Бұл жолы әскери бөлімде екі жүзге жуық мерзімді әскери қызметші Отан алдыңдағы борышын өтеп шықты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Сарбаз атанғандардың бірі – Абай облысының тумасы Еламан Баимов. Еламан колледжді бітірген соң бірден Отан алдындағы борышын өтеуге ниет білдірген. Мерзімді әскери қызметтің қыр-сырын меңгерген сарбаз болашағын құқық қорғау саласымен байланыстыруды жоспарлауда.
Болашақта полиция қызметкері атану ойымда бар. Дегенмен, алдымен туған жерім Үржар ауданына барып, әке-шешеме аздаған уақыт қолғабыс жасаймын. Біз әскери бөлімде нағыз батылдықтың сынағынан өтіп шыңдалдық, төселдік. Өмірлік ұстанымдарымды оң бағытқа қарай өзгерттік. Осы орайда бізді басқарған командирлерге алғыс айтамыз, - дейді №5518 әскери бөлімінің сарбазы Еламан Баимов.
Сарбаздар қызмет барысында Өскемен қаласының тыныштығын қамтамасыз етіп, екі жүзге жуық құқықбұзушылықтың бетін ашып, ерен ерліктің жарқын үлгісін көрсете білді.
Ел алдындағы борышын өтеп шыққан жігіттер Павлодар, Алматы, Түркістан, Қостанай және Абай өңірлерінен шақырылған болатын. Жігіттердің біразы ертеңгі өмірін оқу-біліммен ұштастырмақ. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген алты сарбаз "әскери міндеттілер 2.0" сандық платформасы арқылы жоғары білім алудың таптырмас мүмкіндігіне ие болды. Әскери бөлім командирі тегін білім алу сертификатын сарбаздарды шығарып салу рәсімінде салтанатты түрде табыстады, - дейді №5518 әскери бөлім командирінің орынбасары майор Серік Ноғаев.